«Сот хатшысы болу-абыройлы міндет»

Егер тарих шымылдығын түріп, «хатшы» деген сөздің түп-тамырына үңілер болсақ, ең алдымен хаттаушы немесе жылнамашы деген сөздердің ойға оралары анық. Осы кәсіпті иеленген адамдар туралы деректер де мол. Хатшылар данышпан, ел билеуші адамдардың қасында жүріп, олардың бұйрықтары мен жарлықтарын қағаз бетіне түсірді. Олар оны жай ғана қағаз бетіне түсіріп қойған жоқ, болған жайдың бәрін хронологиялық тәртіппен мұқият тіркеді. Небір оқиғалардың айна-қатесіз ұрпақтан ұрапаққа өзгермей қаз-қалпында жетуі осы хатшылардың жазу шеберлігі мен зердесіне байланысты болды. Сондықтан хатшылық жұмыс заңдарды жақсы білетін, білімді әрі сан түрлі мамандықтардың қыр-сырына жетік адамдарға сеніп тапсырылды. Қорыта келгенде, хатшы мамандығының пайда болу тарихы сонау бағзы заманнан бері бастау алады деуге болады.
Сот отырысының хатшысы да соттың өзіне жүктелген функцияларды орындауы кезінде өте маңызды рөл атқарады.
Сот отырысының хатшысы өзi хаттамалауды қамтамасыз етуi қажеттi барлық уақытта сот отырысының залында болуға және сот отырысынан төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз кетпеуге; хаттамада соттың әрекеттерi мен шешiмдерiн, соттың отырысына қатысушы барлық адамдардың өтiнiшхаттарын, қарсылықтарын, айғақтарын, түсiнiктемелерiн, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетілуге жататын басқа да мән-жайларды толық және дұрыс жазуға; сот отырысының хаттамасын осы Кодексте белгiленген мерзiмде дайындауға; төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға; жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшін жауап береді және сот отырысының хаттамасына анық емес не шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізілген жағдайда заңда көзделген жауаптылықта болады.
Бір қарағанда, сот отырысы хатшысының жұмысы осы адамның сот отырысы залында қатысуымен ғана шектелетін сияқты болып көрінеді. Бірақ, шын мәнісінде сот отырысы хатшысының міндеті мұнымен шектелмейді. Оның бірден көзге көріне қоймайтын бейнеті көп жұмысы хатшыдан тиянақтылықты, өз ісін беріле атқаруды талап етеді.
Сот отырысының хатшысы іс материалдарын сот отырысында қарауға дайындаумен айналысады, хабарламаларды, шақыру қағаздарын, смс-хабарламаларды процеске қатысушылар мен тараптарға жібереді. Сонымен қатар, ол процеске қатысушы адамдардың келуін де қамтамасыз етеді. Бұған қоса ол өзі сот отырысына қатысады және сот отырысының хаттамасын жүргізеді, сот актілерін орындайды, сот істерін заңнама талаптарына сәйкес ресімдейді, құжаттарды мұрағаттайды және оларды сот мұрағатына тапсырады.
Сот хатшыларының жұмысын талай істі бір мезгілде атқара алатын ғажайып қабілеті бар ұлы Цезарьмен салыстыруға болады. Сот отырысының хатшысы шежіреші сияқты. Ол сот құрамымен бірге жұмыс істей жүріп хаттамаларды жазу барысында талай адамдардың түрлі тағдырына да куә болады. Істерді қарау кезінде олардың қуаныштарын, қайғы-қасіреттері мен қиыншылықтарын да көзімен көріп, көңіліне түйетін де осы сот отырысының хатшылары. Сондықтан оларға мемлекеттік қызметші болғандықтан мораль, ар-ождан, парыз және жауапкершілік тұрғысынан жоғары талаптар қойылады.
Сот отырысының хатшысы талай адамдардың тағдыры талқыға түсетін сот процестеріне қатыса жүріп тараптар бастан кешетін барлық жағдайларды көзімен көреді. Мұндайда олар процеске қатысушылардың түрлі көңіл-күйлеріне сабырмен қарап, көңіл ауанына берілмей, өзінің барлық ынта-жігері мен тәжірибесін өзінің қызметтік міндеттерін бұлжытпай атқаруға жұмсайды. Сондықтан да ол сот құрамының бір бөлшегі бола отырып өз ісіне қашан да жауапкершілікпен қарайды. Сот отырысының хатшысы өзінің қызметіне деген осындай адал көзқарасымен өз елінің патриоты ретінде әрдайым жоғары талап биігіне сай жұмыс істейді.
Көп жағдайда судьяның жұмысы, соттың бейнесі мен беделі хатшының өз міндеттерін қалай атқаратынына да байланысты. Сондықтан да оған үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман сот отырысының хатшысы Е.Ибрагимов