Ерекше күтімді қажет ететін балаларды емдеу-тәрбиелеу сияқты күрделі іске бүгінде «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрамындағы бірнеше үкіметтік емес ұйым да белсенді түрде атсалысып келеді. «I’m BALA» коррекциялық дамыту орталығы – солардың бірі. Орталықты осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын шымкенттік дәрігер-нейрореабилиотолог, клиникалық нейрофизиолог Шолпан Даниярова ашқан.
Шымкентте медициналық жоғары оқу орнын бітірген, Австрияда оқыған, АҚШ-тың Кембридж университетінде арнайы тағлымдамадан өткен білікті маман Шолпан Бахт-Полатқызы – бүгінде осы коррекциялық дамыту орталығының басшысы. Ол да осында балалар мен ата-аналарға тиісті қызмет көрсетеді.
Орталықтың атқарушы директоры, балалар психологы Татьяна Әлімжанқызының айтуынша, «I’m BALA» коррекциялық-дамыту орталығында бүгінде ерекше күтімді қажет ететін 30-дан аса бала тәрбиеленуде. Оларға түрлі қызметтер көрсетіледі. Яғни балаларды арнайы келісім-шарт жасасқан ата-аналары құжатта нақтыланған уақытта мекемеге апарып тұрады. Орталықтың бүкіл жұмысы сол азаматтардың бала емі мен тәрбиесі үшін төлейтін ақысымен жүріп тұр. Ал мекеменің ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетіп жатқан қызметі көп, арнайы тәрбиеші, тазалықшыдан бастап, логопед, дефектолог, терапевт, невролог, нейропсихолог және тағы басқа да мамандардың көмегі ұйымдастырылған. Транскраниальды магниттік стимуляция (ТМС) аппараты, түрлі емдік терапиялар, массаж және тағы басқа да қажетті қызмет көрсететін құрал-жабдықтар бар. Тілді, яғни сөйлеуді кешенді дамыту, логомассаж, сенсомоторлық дамыту, тұрмыстық дағдыларды қалыптастырып, дамыту сияқты толып жатқан қызметтер көрсетіледі. Аса мұқият бақылауды қажет ететін балаларды қарапайым тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге дағдыландыру, дұрыс тамақтануға бейімдеу іске асырылады, қандай да бір пайдалы нәрсе үйренуіне жағдай жасалады.
«Біздің орталықтың жұмысы медицина мен коррекциялық педагогиканы ұштастыра отырып жүргізіледі, – дейді Татьяна Әлімжанқызы. – Ерекше күтімді қажет ететін балаларға тиісті ем мен оқыту-тәрбие жұмыстары олардың әрқайсысының ерекшелігін, жағдайын есепке ала отырып кешенді түрде жүргізіледі. Жақсы нәтижелер бар. Арнайы құрал-жабдықтар жұмыс істейді. Мысалы, транскраниальды магниттік ынталандыру аппараты мидың терең қатпарларына дейін әсер ете алады. Мамандарымыз түрлі емдік-сауықтыру қызметтерін көрсетеді.
Балаларды қол өнеріне машықтандыру, үйрету жүргізіледі, олар түрлі заттарды қолдан жасап үйренеді. Бала 18 жасқа толғасын өзіне қажетті кәсіп игеріп, жұмысқа тұрып кетуіне жағдай жасағымыз келеді. Осы орайда арнайы шеберхана ашу жоспарымыз бар. Жалпы, балаларды қоғамға бейімдеуге қажеттінің бәрін де жасауға ұмтылудамыз.
Ата-аналар да шама-шарқынша көмек қолын созуға тырысады. Мысалы, таяуда №9 мектептен бізге балалардың қол өнерімен айналысуына қажетті қағаз, бояу, пластилин сияқты біраз заттар жеткізілді. Қуанып қалдық. Осындай және басқадай көмектер келіп жатса, оған біз қатты қуанған болар едік. Себебі түрлі мақсаттарға жұмсалатын шығындарымыз аз емес, алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейте алу үшін де қаражат керек. Әзірге осының бәрін ата-аналардың көрсетілген қызметке төлейтін ақысы есебінен жүргізіп отырмыз».