Шымкент қаласында мемлекеттен грант алып, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар қатары көбейіп келеді. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы» аясында жүргізіліп отырған бұл жұмыстың халыққа тигізер пайдасы зор. Мемлекет тарапынан берілетін гранттар жаңа бизнес идеяларды іске асыруға жол ашып отыр.
Бүгінде шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау ісі шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың кәсібіне көп көмегін тигізуде. Осындай жандардың бірі — Дизайнер Жаннұр Лесбекова. Ол қазіргі таңда қыз-келіншектерге тігін тігудің қыр-сырын үйретуде. Күнделікті сұранысқа ие төсек жабдықтары мен перделердің сан түрлі үлгілерін тігуді меңгерген Жаннұр жұмыспен қамту шаралары аясында арнайы курстардан өтіп, былтыр қайтарымсыз грант қаржысы арқылы шағын кәсібін үлкен оқу орталығына айналдырды.
Жаннұр Лесбекова 20 жыл бойы Ә.Қастеев атындағы Өнер және дизайн колледжінде оқытушы болып қызмет еткен. Елімізде алғаш рет қайтарымсыз грант беріліп жатқанда таныстары оған тігін тігуді үйретуін сұрап, сол арқылы бизнес-жоба қорғауға ниетті екенін айтқан. Жаңа бастаманы ол декреттік демалыста қолға алған.
– Сол кездегі шәкірттерім тігін бойынша грантқа өтініш беріп, комиссияда жобасын қорғады. Бүгінде өз кәсіптерін ашып, көлемді тапсырыстар алып отыр. Уақыт өте келе тігіншілікке бет бұрған қыз-келіншектердің саны артты. Аядай ғимарат тарлық етіп, тігін құрылғылары да жеткіліксіз болды. Мен де бизнес-жобамды ұсынып, көп балалы ана ретінде қайтарымсыз грантқа өтініш бердім. Комиссия бизнес-жобамды бірден мақұлдады. Қаражатқа өндіріске арналған автоматтандырылған тігін машиналары мен құрылғыларды, манекендер сатып алып, үлкен оқу орталығына айналдық, – дейді шебер.
Бүгінде кеңейтілген оқу орталығында келісімшарт негізінде М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Дизайн» факультетінің студенттері өндірістік пәндер бойынша сабақ беруде. Болашақ мамандар конструкциялау, модельдеу бағыттарынан бөлек құрақ құрау, кесте тігу секілді ұлттық қолөнер түрлерін де үйретуде.
Мемлекеттің жеке кәсіпкерлерді қолдауы халықтың әл-ауқатын көтерумен қатар, экономикаға қосар үлесі зор. Аталмыш бағдарламаның іске асырылуы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, еңбек етуіне көп жағдай жасайды. Тұрғындар тек еріншектікке салынбау керек, – дейді кәсіпкер.