Қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауда дін саласындағы тұрақтылықтың маңызы ерекше. Діни тұрақтылық – азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету, түрлі діни көзқарастарға құрметпен қарау және қоғамдағы өзара түсіністікті нығайту арқылы қалыптасатын маңызды құндылықтардың бірі.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде әр азаматтың діни сенім еркіндігіне кепілдік береді. Сонымен қатар мемлекет қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау мақсатында дін саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге, конфессияаралық келісімді нығайтуға және азаматтардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүзеге асырып келеді.
Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі – халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу. Діни мәселелер бойынша дұрыс әрі объективті ақпарат беру азаматтардың теріс ағымдардың ықпалына қарсы тұру қабілетін арттырады. Осы ретте теологтар, дінтанушылар және ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметі маңызды рөл атқарады.
Жастардың діни сауаттылығын арттыру да тұрақтылықты сақтаудың басты тетіктерінің бірі. Жастарға ұлттық құндылықтарды, дәстүрлі рухани мұраны және зайырлы қоғам қағидаттарын түсіндіру олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, жауапкершілік сезімін күшейтеді.
Шардара ауданында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара қаласында орналасқан «Қасиет әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесінде қазыналы қарияларымыз еңбек ардагерлерімен «Ғаламтордың пайдасы мен зияны», «Ұлтаралық татулық дінаралық тұрақтылық», — тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге ауданның құрметті азаматы Қ.Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров қатысты.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов Әлемде бір шаңырақ астында сан түрлі ұлт пен түрлі дін өкілдері өзара түсіністікпен, татулықпен өмір сүріп отырған мемлекеттер көп емес. Осындай елдердің қатарында Қазақстанның орны айрықша. Бұл — ғасырлар бойы талай тарихи сынақтан өткен, тағдырдың талай белесінен сүрінбей өткен елдің өмірлік тәжірибесі мен парасатты жолының жемісі. Елдегі осындай жарасымды тіршіліктің негізі — өзара құрмет, ұлтаралық келісім және діни татулық екені анық. Қазақстандағы ұлтаралық келісім тек түрлі этнос өкілдерінің бірге өмір сүруі ғана емес, қоғамдық тұрақтылықты сақтап, сондай-ақ ел дамуының да маңызды шарты болып табылады. Тыныштық пен өзара сенім бар жерде экономика, білім, ғылым, мәдениет және кәсіпкерлік те дамиды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықтың маңызын үнемі атап көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы: «Біздің ең басты байлығымыз — ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылық», — деп айтқан болатын. Қазіргі заманда діни сауаттылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Себебі, дінді дұрыс түсінбеу кей жағдайда адамдарды теріс бағыттарға жетелеуі мүмкін. Сондықтан мемлекет діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу, жастардың діни сауатын арттыру, халыққа дұрыс түсінік беру бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зайырлылық қағидатына ерекше мән беріп келеді. Президент: «Зайырлылық — дінсіздік емес. Зайырлы мемлекет дегеніміз – діни сенім бостандығына құрметпен қарайтын мемлекет», — деп атап өткен болатын. Яғни, мемлекет бір дінді екіншісінен жоғары қоймайды, бірақ азаматтардың сенім еркіндігін қорғайды және қоғамдағы татулықты сақтауға жағдай жасайды деп сөзін қорытындылады.
Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров: Қазіргі таңда ғаламтор — күнделікті өміріміздің маңызды бөлігі. Оны адамдар оқу, жұмыс, байланыс жасау және қажетті ақпаратты іздеу үшін пайдаланады. Ғаламтордың пайдасы көп болғанымен, оның зиянды жақтары да бар. Ғаламтордың басты пайдасы — ақпаратты тез әрі оңай табуға мүмкіндік береді. Әлемнің кез келген жеріндегі адамдармен байланысып, хат алмасып немесе бейнеқоңырау арқылы сөйлесуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ғаламтордың зияны да кездеседі. Оны ұзақ уақыт пайдалану көздің көру қабілетіне және денсаулыққа кері әсер етеді. Әлеуметтік желілер мен компьютерлік ойындарға тәуелді болу адамның уақытын босқа өткізіп, оқу үлгерімінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ғаламторда жалған ақпарат пен алаяқтар да кездесетіндіктен, әр адам өз ақпараттарын бөтен кісілерге бермеу керек. Менің ойымша, ғаламтордың пайдасы да, зияны да бар. Ең бастысы — ғаламторды дұрыс пайдалана білу. Ғаламторды білім алу, байланыс жасау және көңіл көтеру үшін пайдалануға болады, бірақ оған тәуелді болып қалмау керек. Сонымен қатар, ғаламтордағы ақпаратты сын көзімен қарау және кибербуллингтен сақ болу қажет. Қорытындылай келе, ғаламтор — біздің өмірімізді жақсартатын құрал болуы мүмкін, егер біз оны ақылмен пайдалансақ. Ғаламторды пайдалану кезінде сақ болайық және оның зиянды әсерінен қорғанайық. Сонда ғана ғаламтор бізге дос бола алады.
