Шардара ауданында дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Шардара ауданында қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту, азаматтардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың ықпалының алдын алу мақсатында кезекті ақпараттық-түсіндіру жиыны ұйымдастырылды.

Бұл жолғы басқосу Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандарымен өтті .

Мақсаты: Халықпен және бизнес өкілдерімен тығыз байланыста болатын орталық мамандарының діни сауаттылығын арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және интернеттегі ақпараттарды саралай білу дағдыларын жетілдіру. Сондай-ақ қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қалыптастыру.

Жиынға Фатима Сарыбайқызы Айдарбекова – Түркістан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы; Медет Халықов – «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры; Дәурен Аманов – «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы;

Асылхан Қасымұлы Данияров – Шардара ауданы ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі әдіскері; Алмас Әмзеұлы Оспанов – Шардара ауданы ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі сектор меңгерушісі қатысты.

Іс-шара барысында спикерлер қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде құқықтық сауаттылықтың маңызына ерекше тоқталды. Азаматтардың заң талаптарын білуі, құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуі және заң нормаларын күнделікті өмірде басшылыққа алуы – құқықтық мемлекет қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі екені айтылды. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Кездесуде діни сауаттылық мәселесі де кеңінен сөз болды. Мамандар дін мәселесінде тек ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне сүйенудің маңызын түсіндіріп, діни білімді заңды негізде жұмыс істейтін ұйымдар мен білікті мамандардан алудың қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформаларында таралатын күмәнді діни уағыздар мен жалған ақпараттардың қоғамға тигізетін кері әсері туралы нақты мысалдар келтірілді.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың адамдардың дүниетанымына, отбасы құндылықтарына және қоғамдық келісімге тигізетін зияны кеңінен түсіндірілді. Мұндай ағымдардың өкілдері азаматтарды заң талаптарына қайшы әрекеттерге итермелеуі, ұлттық салт-дәстүрлерді жоққа шығаруы және қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін екені айтылды. Осыған байланысты тұрғындарды кез келген діни ақпаратқа сыни тұрғыдан қарап, оның шынайылығын тексеруге және күмәнді діни мазмұндағы материалдардан сақ болуға шақырды.

Жастармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың маңыздылығы да ерекше атап өтілді. Жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, олардың бойында патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті және ұлттық құндылықтарға құрметті қалыптастыру – радикалды идеологиялардың таралуына қарсы күрестегі ең тиімді шаралардың бірі екені айтылды. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында, жастар орталықтарында және еңбек ұжымдарында тұрақты түрде кездесулер, дәрістер, семинарлар мен түсіндіру іс-шараларын өткізу қажеттігі сөз болды.

Сонымен қатар қоғамдағы конфессияаралық келісім мен этносаралық татулықты сақтау мәселелері талқыланды. Қазақстанда әртүрлі этнос пен дін өкілдерінің өзара сыйластық пен құрмет негізінде өмір сүріп келе жатқаны, бұл еліміздің басты құндылықтарының бірі екені айтылды. Осындай қоғамдық келісімді сақтау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екені ерекше атап өтілді.

Жиын барысында қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріліп, дін саласындағы заңнама талаптары, интернет кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік, жастар тәрбиесі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Ашық диалог форматында өткен кездесу қатысушылардың өзекті мәселелер бойынша нақты ақпарат алуына мүмкіндік берді.

Шара соңында мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтаудағы, азаматтардың құқықтық және діни мәдениетін арттырудағы, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алудағы маңызы ерекше екені атап өтілді. Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу, заң талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілікті күшейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.