Құқық қорғау қызметіне жүргізілген модернизациялау Мемлекет басшысының 01.09.2020ж. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауында Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру туралы және 19.12.2020ж. №384-IV «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына әрекет ету болып табылады.
Үш буынды модель енгізілуімен прокурор — қылмыстық процеске қатысушы негізгі тұлғаға айналып, оның шешімі қылмыстық процестегі басты шешімнің бірі болатынын айқындап берген. Соңғы өзгерістер бойынша прокурордың бес негізгі шешімді міндетті түрде мақұлдауын көздейді: біріншісі — адамды күдікті деп тану, екіншісі — күдіктінің іс-әрекетін саралау, үшіншісі — іс-әрекетті немесе қылмысты қайта саралау, төртіншісі — сотқа дейінгі тергеудің мерзімін үзу, бесінші қылмыстық істің тоқтатылуы.
Енді бұл шешімдер прокурормен келісілгеннен кейін ғана күшіне енеді, ал бұған дейін оларды тергеушілер дербес қабылдайтын еді.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2018 жылғы 3 қаңтардағы №2 бұйрығымен Қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу жөніндегі нұсқаулық бекітілген.
Аталған екі үлкен жүйедегі реформаға сай прокуратура электрондық қылмыстық іс бойынша кез келген процессуалдық шешімді бірыңғай электронды база арқылы тез арада көріп, қабылданған шешімдердің заңдылығын уақтылы бақылау жасай алады. Сондай-ақ осы электрондық форматта бұзушылық анықталған жағдайда шешімнің күшін жоя алады.
Аталған өзгерістерге сәйкес азаматтардың, соның ішінде күдіктінің де, жәбірленушінің де конституциялық құқықтарын жедел қорғауға және қылмыстық процестің шеңберіне негізсіз тарту фактілерін болдырмауға, жалпы тергеп-тексерудің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа үш буынды модель қолданысқа енген соң прокуратурамен тергеу органдарының әр қадамы жіті бақылауда болып, әр шешімдері жан-жақты бағаланып отырылады.
Үш буынды модель – адам құқығын қорғаудың заманауи үлгісі. Басқаша айтқанда бұл – полиция, прокуратура мен соттың алдына қойылған жаңа талап.
Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді, азаматтардың негізсіз қылмыстық қудалауын болдырмау арқылы олардың конституциялық құқықтарының бұзылуына тосқауыл болады және сотта айыптауды қолдайды.
Түркістан қаласының прокуратурасы қала полиция басқармасының тергеушілері мен анықтаушыларының өндірісіндегі қылмыстық істерге күнделікті қадағалау жүргізуде, олардың басым көпшілігі электронды форматта жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда қала прокуратурасымен қабылданған 1425 процестік шешімдер (тоқтату – 411, мерзімін үзу – 218, күдікті деп тану – 507, іс-әрекетті саралау – 273, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама — 16) прокурорлармен келісіліп/бекітілген болса, 48 процестік шешімдер (тоқтату – 25, мерзімін үзу – 15, күдікті деп тану- 4, іс-әрекетті саралау – 2, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама — 2) келісуден/бекітуден бас тартылған.
Үш буынды модельге Заң талаптарының орындалуы құқық бұзушылықтардың дереу жолын кесуді қамтамасыз етіп, жазықсыз азаматтарды қылмыстық процесс шеңберіне тартуға жол бермеуде.
Қорытындылай келгенде, мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген жаңа бастамалар өз жемісін беруде.
Түркістан қаласының прокуратурасы