Шымкент қаласы тұрғындарының өтініш-шағымдары қала басшылығының басты назарында. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков кезекті рет азаматтарды қабылдап, олардың өзекті сұрақтарына жауап берді.
Тұрғындардың басым көпшілігі тұрғын үймен қамту және әлеуметтік мәселелері бойынша шағымдарын жеткізді. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие шарттарымен баспана алғысы келген азаматтар да бар. Алайда қабылдау барысында олардың тұрғын үй кезегіне тіркелмегендері анықталды.
Кезекке тіркелу үшін белгіленген санаттың біріне енуі және азаматтың тұрғылықты мекенжайы кемінде үш жыл көлемінде Шымкент қаласында болуы, иеліктерінде соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмеуі шарт. Ал, тұрғын үй кезегінде тіркелмеген, иелігінде жылжымайтын мүлігі жоқ, бірақ төлемге қабілетті барлық азаматтар «Нұрлы жер» бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша баспаналы бола алады.
Арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мен жұмыс істейтін жастарға қарастырылған.
Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, биыл 54 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 476 көпбалалы отбасыға және 218 халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы мен 857 жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтерлер үлестіріледі. Жалпы алғанда 1605 отбасын сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжаймен қамту жоспарланып отыр.
Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков қабылдау қорытындысы бойынша жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырмалар беріп, халықпен ашық әрі тығыз-қарым қатынаста жұмыс жүгізу қажеттігін атап өтті. Қалалық тұрғын үй, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармаларының басшылары да өз тараптарынан аптаның әр сәрсенбісінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауда.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі