Алаяқтардан абай болыңыз

«Ешқандай емтихансыз, көлік жүргізу куәлігін әперемін» деп тұрғындарды алдап, заңсыз ақша алғандар саны азаймай тұр. Кезекті жайт Шымкент қаласында орын алды.

2022 жылдың 19-қазанында, кешкі сағат 20:10-да Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының «102» арнасы арқылы қала тұрғыны арызданды. Ол арызында, әкімшілікте көлік жүргізушісі болып жұмыс жасайтын танысы «жүргізуші куәлігін алып беремін» деп сеніміне кіріп, 120.000 (жүз жиырма мың) теңге ақшасын алып, алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін көрсеткен.Аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

         Полиция қызметкерлері хабарламаны алған бойда, жедел іздестіру іс-шараларына кірісті. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты бір тәулікте қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын соңды сотты болмаған. Қазіргі уақытта ұсталған азамат алған ақшаны жеке басының пайдасына жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

         Полицийлер осыған ұқсас тағы бір алаяқтық әрекетінің бетін ашқан. Оқиға 2022 жылдың 11-қазанында болған. Абай АПБ-ның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, белгісіз азамат мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаржы (грант) алып беремін деп сеніміне кіріп, 150 000 теңге ақшалай қаражатын алып, үш ай бойы алдап келгенін көрсеткен.

Аталған жайт ҚР ҚК-тің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс шараларын жүргізді. Нәтижесінде, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы — 31-де, жұмыссыз. Тергеу барысында ұсталған азаматтың заңсыз әрекетке оңай жолмен ақша табу үшін барғаны белгілі болды. Алған ақшаны өз пайдасына жұмсап жіберген.Қазіргі кезде күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Осы ретте, полиция қызметкерлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді.

Ntime.kz