Амал мерекесі тойланды. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Шымкентте «Көрісу – жаңа өмір, жаңа күн» салтанатты шарасы Астана алаңы, Абай саябағымен қатар Арбат алаңында да аталып өтті. Жиынға Шымкент қалалық орыс драма театры мен опера және балет театрының, тілдерді оқыту орталығы, А.Пушкин атындағы кітапхана мен жасөспірімдер кітапханасының, «Шымқала» кешені, арнайы кітапхана мен Ерлік музейінің қызметкерлері қатысты.
Мәдениет саласының мамандары Амал меркесін ерекше ықыласпен атап өтті. Алаңның екі басынан домбырамен әуендетіп шыққан өнерпаздар орта тұсында көрісіп, қауышты. Екі жақ бір-біріне амандық-саулық тілеп, қариялар ақ батасын берді.
Айта кетейік, Абай саябағы, Астана мен Арбат алаңынан бастау алған көрісу шарасы Шымкент қалалық орыс драма театрының базасында жалғасты. Үш нысаннан жиылған Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 20-дан астам мекеме қызметкерлері әннен шашу шашып, ерлер ұлттық ойындарға қатысып, бақ сынады.