Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытында қарқынды жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың қазан айында Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында жергілікті жердің 32 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол араб тілін заңсыз оқыту курсын ашып, онда теріс ағымдағы дінді үйретіп, насихаттағаны, яғни заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны анықталды.
Аталған азамат ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Істі жүргізу барысында ол азамат 1(бір) жыл ішінде дәл осы әкімшілік құқықбұзушылықты екінші рет қайталап отырғандығы белгілі болды.
Осыған байланысты Шымкент қаласы мамандандырылған әкімшілік сотымен жергілікті тұрғынға ҚР ҚК-нің 490-бабының 8-тармағына сәйкес, 612 600 (алты жүз он екі мың алты жүз) теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қалың қауымның, әсіресе, жастардың Ислам дініне деген құлшынысы артып, рухани ізденіске түсіп, құлшылыққа тереңдеп ден қойып жүрген бүгінгі шақта өңі теріс айналдырылып жаңсақ түсіндіріліп жүрген діни ұғымдарды халыққа жеткізудің маңызы айтпаса да түсінікті. Себебі «Алла разылығына бөлену», «жұмаққа кіру» секілді тәтті қиялдарды айтып отырып, жастарды қылмысқа қарай итермелейтін қой терілі қасқырлар бүгінде аз емес.
Барлық ата-ана балам жаман болсын демейді. Көп елде «Ислам лаңкестігі», «мұсылман лаңкестер», «исламистер» деген тіркестер жиі айтылатын болды. Адам баласының жаратылысында оның рухына белгілі бір сезімдер жүйесі мен белгілі бір сенімге, дінге деген қажеттілік қоса берілген. Бұл Жаратушы Құдірет Иесінің орнатқан заңы. Мысалы, адам бойында жақсы көру, жек көру, ашулану, қуану, ренжу секілді көптеген сезімдер бар. Ешкім оны өзі жасап алмаған. Жаратушы тарапынан адамның өзегіне орнатылған дүниелер. Міне, сол секілді кез келген адамның дінге деген қажеттілігі бар. Дінсіз адам болмайды, болған да емес. Мен «дінсізбін» дейтін адамдардың өзі бір нәрсеге сенеді, бір нәрседен қорқады. Бір нәрсеге үміт артады. Осы «сенімсіз, дінсізбін» деген ойдың өзі түптеп келгенде, бір сенімге жатады. Осындай «дінсіз» сенімі арқылы жүрегіндегі дінге деген бос орынды толтырады, дейді мамандар.