Арыста шағын және орта бизнес өркендеуде

Арыста шағын және орта бизнес

Түркістан облысы, Арыс қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нақты жұмыстар нәтижесін беріп келеді. Мемлекеттік қолдау, инфрақұрылымның жақсаруы және кәсіпкерлердің белсенділігі арқасында қалада кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралады. Кәсіп иелерімен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.

Іссапар барысында Нұралхан Көшеров Арыс қаласында орналасқан «Baysan group» ЖШС-нің минералды су және басқа да алкогольсіз сусындар шығаратын цехта болды. Кәсіпорында өндірілетін табиғи минералды суға сұраныс жоғары. Соған сәйкес, өндіріс орны кеңейтіліп, қосымша жаңа автоматты құрылғылар орнатылған. Жобаның жалпы құны – 850,0 млн.теңге. 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған өндіріс орнында жылына 2,5 млн литр минералды су өндіріледі. Шипалы су 1870 метр тереңдіктен алынады. Бүгінгі таңда табиғи минералды ауызсу ішкі нарықтан бөлек, Қытай еліне экспортталуда.

Жұмыс сапары «Арай» аяқ киім тігу цехында жалғасты. 1994 жылдан бастап жұмыс істейтін кәсіпорында ерлер мен әйелдерге арналған 300-ге жуық аяқ киім түрлері шығарылады. Бүгінде мұнда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Цехта жылына 20 мың жұп аяқ киім тігуге мүмкіндік бар.

Кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін бақылаған аймақ басшысы, отандық тауар өндірушілерді қолдап, сапасына жоғары бағасын берді.

Арыста кәсіпкерлік саласының дамуы – халықтың табысын арттыруға, жұмыссыздықты азайтуға және қаланың экономикалық әлеуетін нығайтуға үлес қосып отыр. Жергілікті әкімдік пен мемлекеттік бағдарламалардың үйлесімді жұмысы арқасында Арыс – кәсіпке қолайлы қала ретінде қалыптасып келеді.