Төлеби аудандық қоғамдық кеңестің отырысына ауданның бірқатар ардагерлері мен тұрғындары қатысты. Қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Оралбеков төрағалық еткен жиынның күн тәртібінде 4 — мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша – Төлеби аудандық ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторинг бөлімінің жетекші маманы Ж.Шохатов Төлеби ауданы әкімдігіне қарасты қала, ауылдық округ әкімдерінің аппараттары және дербес бөлімдерінің 2023 жылдың 1-тоқсаны бойынша мемлекеттік қызмет көрсету саласында атқарылған жұмыстарының қорытындысы туралы баяндама жасады. Кеңес мүшелері бірауыздан баяндаманы қабылдады.
Екінші мәселе бойынша – Төлеби аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Қалдыбаев Төлеби ауданы бойынша қатты қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту туралы шешімнің жобасымен танысытырды және атқарылып жатқан жұмыстарын слайд форматы арқылы көрсетті. Кеңес мүшелері қалдықтарды басқару бағдарламасын талқылай келе шешім жобасына оң қорытынды келісімдерін берді.
Үшінші мәселе бойынша – Төлеби аудандық қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы С.Ахтаев аудандағы оқушылардың жазғы сауықтыру демалыстарын сапалы және қауіпсіз жағдайда өткізуді ұйымдастыру туралы бірқатар білім беру мекемелерінің жұмыстарымен танысып, зерделегені бойынша слайд форматы арқылы көрсетіп баяндама жасады. Қосымша Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас есепшісі А.Қыпшақов хабарлама жасады және кеңес мүшелері тараптарынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Көтерілген басты мәселелердің бірі бұрынғы «Спутник» лагерін жөндеуден өткізіп келешекте балалардың жазғы демалыстарын сол жерде қамтамасыз ету. Сонымен қатар Ленгір қаласы Қ.Сәтбаев атындағы №4 жалпы орта мектебінің директоры Л.Сандыбаева оқушылар саны артуына байланысты мектепке қарасты «б» корпусындағы кезінде өзге мекемелердің қолданыстарына берілген бөлігін мектептің қолданысына қайтаруға ықпал жасауды сұрады. Кеңес мүшелері аталған мәселелерді қосымша талдап, зерделеп тиісті жоғарғы басшылықтарға ұсыныс жасауды шешті.
Төртінші мәселе бойынша – «Ленгір су» КММ директоры А.Ермекбай аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады. Кеңес мүшелері ауыз су мәселесіндегі оңды шешімі табылмай жатқан тұстарын талқылай келе сын-ескертпелерін айтты. Аталған мекеме басшысы жақын арада тағайындалғаны ескеріле отыра, алдағы уақытта жұмыстарды жақсартуға нақты ұсынымдар мен талаптар қойылды.