Бүгін Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Құлан аруы -2021» байқауы өтті.
Ауданымыздың түпкір-түпкірінен жиналған сәні мен ақылы келіскен арулар «Сымбат пен сыры жарасқан», «Анадан тәлім алған қыз» және «Қыз өссе – елдің көркі» кезеңдері бойынша өнер көрсетті. Бірі ән айтса, енді бірі би билеп көпшілікті таңдандырды.
Олардың өнерін «Ақ қайнар» шаруа қожалығының басшысы, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сұлукүл Дәлібаева, «Басқар Битанов» Халық театрының меңгерушісі Эльмира Асылбекова, аудандық Өнер мектебінің «Сахна» үйірмесінің жетекшісі Рымтай Елеубаева және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Әбіләшім Мырқасымов бағалап, қазылық етті.
Байқау нәтижесінде көкдөнендік Мерей Алтынбек жүлделі үшінші орынға шықты.Ақниет ауылдық округінен келген Айшолпан Асқарқызы екінші орын алды.
Ал сайыста білімі мен шеберлігі, сұлулығы мен ұшқырлығын көрсете білген Жансая Сәрсенбаева «Құлан аруы – 2021» байқауының жеңімпазы атанды.
Қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Мөлдір Тастанбек
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы