Түркістан қаласында араққа сылқия тойып алып, досын мерт қылған 35 жастағы жігіт анықталып, 9 жылға қамауға алынды, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтар болсақ, 2022 жылдың мамыр айында Түркістан қалалық Полиция басқармасына қала тұрғындарының бірінен хабарлама келіп түсті. Онда көршісінің үйінде жанжал болып жатқаны бойынша айтылған болатын. Ақпарат алысымен Түркістан қаласының қырағы тәртіп сақшылары оқиға болған жерге жедел барып, жағдайды анықтады.
Полицейлер жанжал болған үйге кіргенде жерде жатқан 35 жастағы жігіттің өлі денесін тапқан. Тиянақты тексеру барысында тәртіп сақшылары кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен орта жастағы азаматты анықтады. Оны басқармаға жеткізіп, тергеу жұмыстарын бастады. Күдіктіден жауап алу барысында оның досымен бірге ішімдік ішкені және арасында дау орын алғаны белгілі болды.
Яғни 2 дос бас қосу кезінде 4 шөлмек араққа сылқия тойып алып, жанжалдаса бастаған. Нәтижесінде, бірі екіншісінің маңдай тұсынан бірнеше рет соққы беріп, ауыр жарақат салады.
Содан ауыр жарақат алған азамат ес-түссіз еденге құлап, оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Күдікті ретінде ұсталған жігітке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, қылмысы толық дәлелденді.
Ал жинақталған құжаттардың барлығы сотқа жолданды.
Сонымен қатар, сот 35 жастағы жігітті кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыруға туралы үкім шығарды.
Айта кетейік, Түркістандық полицейлер тұрғындарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырады. Сондай-ақ қылмыстық әрекеттер заң алдында қатаң қаралып, жауапты жаза жүктелетінін ескертеді. Қылмыстың соңы – жаза!