Елімізде адам құқығы мен оның еңбек құқығын қорғау аса маңызды. Бұл тұрғыда кәсіподақтардың әрдайым өзінің әр мүшесінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға, ұжымдық шарт талаптарының орындалуын жұмыс берушілерден заң шеңберінде талап етуге және оның орындалуын бақылауға мүдделі қоғамдық ұйым екендігін ескерген жөн.
Осы ретте жуырда Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы» ММ-де еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғауға байланысты кәсіподақ мүшелеріне семинар өткізілді.
Семинар барысында сөз алған жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шолданбаев Сапарғали биыл Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, кәсіподақ жұмысындағы негізгі мәселе еңбек адамының құқын қорғау екендігін тілге тиек етіп, қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздері мен еңбек жағдайын жақсарту жұмыстары жөнінде айтып өтті.
Сонымен қатар, жиын барысында қызметкерлердің еңбек заңнамасы бойынша қойылған сауалдарына тиісті жауаптар берілді.
Айта кететін жайт, бүгінде аталмыш ұжымда 172 еңбеккер жұмыс атқарады. Олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Мекемені Ағабек Абдиев басқарады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Асқар Бақтыбаев.