Медициналық жәрдемнің жедел болуына жүргізушінің ықпалы орасан

жедел

«Жедел жәрдем» қызметіне адам жаны қысылғанда жүгінеді. Дер кезінде жасалған көмек арқылы талай пенденің тұз-дәмі таусылмай, ғұмырлар жалғанды. Дәл осы тұрғыда көп жағдайда тек дәрігердің ғана еңбегі еленгенімен, сол ғұмырды дәрігерге дер кезінде жеткізу де өте жауапты жұмыс. Дәрігерлерді науқасқа, науқасты аурухана жеткізу де ерен еңбекті талап етеді. Осындай жауапты қызметті атқарып жүргендердің бірі -жедел жәрдем көлігін жүргізушісі Хайрат Ергебекұлы Сүйеубаев.

Шақырту түсе салысымен науқасқа баратын медициналық қызметкерлер де, оларды жеткізетін жүргуші де дайын болуы керек. Көлік сақадай сай, техникалық жай-күйі мен мекенжайға уақытында жетуі де жүргізушіге байланысты. Оған қоса рөлдегі адамның фельдшердің базалық жұмысынан хабардар болуы қажет. Шұғыл жағдайда фельдшерге көмек керек болса жүргізуші қол ұшын созады. Міне, бір жәдел жәрдем көлігінің жүргізушісіне артылған жауапкершілік зор.

Хайрат Ергебекұлы 1967жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. «Еңбектің наны тәтті» деген ұстанымы бар жігіт жұмыстан қашпайды. Әр түрлі жұмыс істеп жүріп, 1994 жылы жедел медициналық жәрдем көрсету станциясына жұмысқа тұрады. Міне содан бері жедел жәрдем көлігін айдайды. Отбасылы, 2 баласы бар.

– Жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмысқа орналасу оңай емес. Оларға қойылған талап жоғары. Жүргізуші болып орналасқысы келетіндер қатал іріктеуден өтеді. Олар жол қозғалысы ережелерін, қаланың әр көшесін жіті білулері қажет. Қазіргі уақытта барлық жүргізушілер фельдшерлердің базалық білімін жетік біледі. Арнайы курстардан өттік. Дәрігерлер де сабақ өтіп тұрады. азаматтар біздің фельдшерлер мен „103“ жүргізушілерінің қандай қиын жағдайда жұмыс істейтінін әрдайым түсіне бермейді. Өкінішке қарай, мұндай агрессия жағдайлары, жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасау жиі болады, – дейді Хайрат аға.

Үздік қызметкер ретінде әріптестері де жылы лебіздерін айтады. Олардың айтуынша Хайрат аға әрдайым жас мамандарға үлгі, тәжірибесімен бөлісіп, олардың еңбекке деген құштарлығын ашуға септігін тигізіп жүретін адал жан. «Жұмыс барысында білікті маман екендігін көрсетіп, қоғамдық жұмыстарда белсенді. Жұмыс барысында жедел жәрдем қызметін өркендеуіне қызмет көрсетуде. Ұжым арасында ерекшеленіп, елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан тәжірибелі жүргізуші» дейді әріптестері.