Шымкентте полиция жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуде

Бүгінгі күні нашақорлық — бір адамның ғана басындағы емес, бүкіл қоғамның қасіреті болып отыр. Нашақорлықбұл маңызды психикалық және физикалық бұзылу, ол адамның психотроптық заттарға тәуелділігі мен теріс пайдалануынан тұрады. Сонымен қатар, есірткілер адамның өзгерген санасына басып озатын және физиологиялық және психологиялық тәуелділікті тудыратын психотроптық заттар болып табылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Бүгінгі күні біздің елімізде осы есірткі мәселесі жайлы толғанбайтын адам қалмаған болар. Әсіресе, қазіргі кезде жастар мен жеткіншектер арасындағы есірткі мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр.

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары аясында, сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі нашақорлықтың алдын алуға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүдделі қызметтердің қатысуымен қаладағы білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінде өткен іс-шараға Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков қатысты.

Полиция майоры жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгенін ескертті. Сондай-ақ, есірткіге жолағандардың тағдыры туралы нақты мысалдар келтіріп, қылмыстан аулақ болуға шақырды.

Бұған қоса, жас жігіттерге ағалық ақылын айтып, мақсатқа ұмытылуға, салауатты өмір салтын ұстануға және жақындарың сенімен мақтанатындай жақсы өмір сүруге насихаттады.

Жиын соңында, студенттер өздерін мазалаған әртүрлі сауалдарды қойып,нақты жауап алды.