Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Аталған жиында Мемлекет басшысы бірқатар тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеген еді. Бүгін Түркістанда облыс әкімі Дархан Сатыбалды Президент тапсырмасының орындалуы бойынша аппараттық жиын өткізді.
– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен отырыста Қазақстанның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері айқындалды. Кеңейтілген отырыста Президентіміз Түркістан өңіріндегі құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін шешуде су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырды. Бұл бағытта суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейтудің қажеттілігіне тоқталды. Әрине, бұл – бүгінгі күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға бар күшімізді саламыз, – деген облыс әкімі осы мақсатта Түркістан облысының арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін атап өтті.
Облыстағы 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде қалаларда – 99,8%, ауылдық елді мекендерде – 97% құрайды. 2024 жылы 47 нысанның құрылысына бюджеттен 13,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 37 нысан аяқталады, қалған 10 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 24 елді мекен ауыз сумен қамтылады, 13 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.
Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 93 елді мекенді (53,3 мың халық) ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өңір басшысы суармалы судың жайын да жіті қадағалауды тапсырды. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы республикада ерекше орын алады. Климаттың орналасу, жұмыс күші тұрғысында облыс агаралық саланы дамытуға еліміздегі ең қолайлы өңір болғандықтан, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13,3 %-ы облысқа тиесілі болып отыр.
Сонымен қатар инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу өңірдің басты бағыты екені белгілі. Өткен жылдың қорытындысымен өңір экономикасына 972 млрд теңге инвестиция тартылып, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Өсім динамикасы бойынша еліміз бойынша үздік үштіктер қатарында. Үкіметпен бекітілген жоспар артығымен орындалды. Сондай-ақ былтыр Түркістан облысында 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. Алдағы үш жылда агроөнеркәсіп, машина жасау, білім және денсаулық, өнеркәсіп және құрылыс, туризм мен энергетика салаларын қамту жоспарлануда.
Облыс әкімі «Жайлы мектеп» пилоттық жобасына қатысты Президент жүктеген тапсырманы жергілікті жерде орындау үшін жұмыла жұмыс істеу қажеттігін айтты. Өңірде осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Жуырда Дархан Сатыбалды жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтауына жауапты компаниялардың басын қосып, ауқымды жиын өткізбек. Мәселе тұрақты бақылауға алынған. Өңірде осы жоба аясында 63 мектеп салынады.
Биыл Түркістан қаласы түркі әлемінің туристік астанасы атанып отыр. Бұл шешім түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін беретінін тілге тиек еткен облыс әкімі сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Туризм бағытында инвест жобалар арттыруды тапсырды. Сонымен қатар алдағы уақытта Түркістан облысында тарихи-танымдық туризмінен бөлек, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм бағыты да жанданбақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі