Патрульдік полицейлер 9-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды

Түнгі сағат 02:00 шамасында Түркістан қалалық полиция басқармасына облыс орталығындағы көпқабатты пәтердің 9-қабатынан белгісіз әйел секірейін деп тұрғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Ақпарат бойынша жақын аймақта жүрген патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетті. Көрсетілген көпқабатты үйдің 9-қабатынан өз-өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынды көрген қос полицей тездетіп, жоғары көтеріліп, биіктен секірмек болған әйелдің пәтеріне келеді.

Ашық тұрған есік арқылы ішке еніп, әйелді ас бөлмесінің терезесінен құлау ниетімен тұрған жерінен анықтады. Оны аман алып қалуға қажетті шараларды іске асырып, терезеге ілініп тұрған тұрғынды күш салып ұстап қалып, қауіпсіз жерге көтеріп шығарды. Сондай-ақ құтқару шараларына жергілікті тұрғынның бірі өз көмегін көрсетті. Осылайша қызмет инспекторлары полиция лейтенанты Ербол Есалиев пен полиция аға лейтенанты Ержан Стамқұловтың шапшаңдығы мен кәсібилігінің арқасында оқиға сәтті аяқталды.

Тексеру барысында тұрғынның суицид жасауына масаң күйде болуы әсер еткені анықталды. Сондай-ақ жас әйел теріс әрекеті үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай жағдайды қайталамайтынын жеткізді.