Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.
Осы ретте Еңбекші АПБ Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді қорғау тобының инспекторлары Шымкент педагогикалық университетінің студенттерімен кездесу өткізді.
Басқосу барысында полиция капитаны Ж.Таскулова мен полиция лейтенанты А.Төребай студенттерге «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу негіздері» атты дәріс оқыды. Онда отбасылық келеңсіз оқиғалар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, жасөспірімдерді заңбұзуға итермелейтіндігі туралы айтылды.
Отбасындағы моральдық және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары студенттердің жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, олармен сұрақ-жауап алысты.