Түркістан облысында зорлық-зомбылыққа қатысты дөңгелек үстел өтті

Түркістан облысы әкімдігі мәжіліс залында отбасында зорлық көрген әйелдерге көмек беру, кәсіпкер әйелдерді қолдау мақсатында кеңейтілген отырыс болып өтті. Жиынға Түркістан облысы Полиция департаментінің зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция подполковнигі Жанар Қалабаева, Түркістан облысы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясаты жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Динара Егембердиева және «Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақбаян Жакипова қатысты. Комиссия отырысында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылық фактілері де ортаға салынып, талқыға түсті. Кездесуде жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша жүргізілетін жұмыстағы кемшіліктер, көкейтесті мәселелер мен оларды шешу жолдары да айтылып өтті. Жиын барысында облыста отбасында зорлық көрген әйелдерге арналған 3 дағдарыс орталығы ашылатындығы айтылды. Яғни, зәбір көрген әйелдер сонда уақытша тұрақтайды. Оларға сол жерде психологиялық көмек көрсетіліп, жаңа өмірге жол ашады. Яғни, бизнес ашуға бейімдейтін – «Ісмер ана» жобасы бойынша жұмыс жасайды. Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Сондықтан, кез-келген жағдайда өз құқығыңызды қорғай біліңіз. Осы тұста, тәртіп сақшылары әрбір адамның құқығы қорғалатындығын еске салады.

ТО ПД баспасөз қызметі