Түркістан облысының Полиция Департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, Түркістан қаласында контрафактілік өнім дайындайтын жасырын цехті анықтады. Сондай-ақ, тексеріс жұмыстары арқылы оның қызметіне тосқауыл қойды.
Бұл жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 222-бабы 1-бөлігі «Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану» бойынша Түркістан қаласының Полиция Басқармасына тіркеуге алынды.
Қарқынды іздестіру мен тексеріс жұмыстарының нәтижесінде полицейлер 4 күдіктіні ұстады. Оның бірі контрафактілік өнім дайындауды ұйымдастырушы, Түркістан қаласының тұрғыны болса, екеуі Түркістан қаласының тұрғындары және 1 Өзбекстан азаматы болып шықты.
Жедел уәкілдер аталмыш үйдің ауласын тінту кезінде, 40 келі қаптарға оралған ұнтақ затты тапты. Олардың саны шамамен 200 дананы құрады. Сонымен қатар, электронды таразылар, тығыздағыш машиналар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұнтақты заттың жалпы салмағы 8 тоннадан асты.
Ал, күдіктілер қаптағы ұнтақтарды полиэтилен пакеттерге шамалап салып, яғни «Ariel», «Миф», «Tide» және «Persil» сияқты кір жуғыш заттардың белгілі брендтерін қолдан жасаған. Полицейлер жинақталған материалдарды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолдады.
Өз кезегінде Түркістандық тәртіп сақшылары тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану әрекеттеріне заң алдында жаза бар екендігін ескертеді. Егер де осындай жайттардың куәсі болсаңыздар полицияның «102» байланыс телефон нөміріне хабарласыңыздар.
Ntime.kz