Түркістан облысының полицейлері бірнеше мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты ұстады

Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері Келес ауданының аумағында ірі қара мал, жылқы және қой ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Мал ұрылары жергілікті тұрғындардың жайылымдары мен қора-жайларынан 18 бас малды ұрлап кеткен. Бұл жайында брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Сахов жеткізді.«Ағымдағы жылдың тамыз айында полицияға Келес ауданының тұрғыны арызданып, белгісіз біреулердің өзіне тиесілі 4 сиыр мен 2 бұзауын ұрлап кетіп, миллион теңгеден астам шығын келтіргені туралы хабарлаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті. Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінде ұрлық жасаған адамдарды анықтауға және ұстауға бағытталған арнайы топ құрылды. Оның қатарында тәжірибелі жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары бар.Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, біз осы қылмыстардың барлығына бір қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін екенін болжап, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргіздік. Екі ай бойы үзіліссіз атқарылған іздестіру шараларының нәтижесінде, жедел уәкілдер қылмыстық топтың ізіне түсті. Осылайша қылмысқа күдікті ретінде 6 ер адамды анықтап, ұстадық. Оның ішінде 2-еуі мал ұрласа, 2-еуі ұрланған малдарды сатып отырған, ал қалған екеуі бөтеннің малын тасымалдаған жүргізуші екені айқындалды. Ұсталғандардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары, олардың 5-еуі бұрын түрлі қылмыстар үшін сотты болған. Қылмыстық топтың тағы бір сыбайласы іздестірілуде. Анықталғандай, ұрылар жергілікті тұрғындардың жайылымдарда қараусыз қалған және қорада тұрған төрт түлігін жымқырып, жүк көліктерімен артып әкетіп отырған. Содан кейін олар ұрланған малды арзан бағамен сатып, жеңіл жолмен келген ақшаны өзара бөліп алған. Күдіктілердің жалпы көлемі 3,5 миллион теңге болатын 4 жайт мал ұрлығына қатысы барын анықтадық. Бұл деректерде 2 жылқы, 8 сиыр және 8 қой ұрланған. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің мал ұрлығының басқа да деректеріне қатысы бар-жоғы тергеу барысында анықталатын болады»,-деп атап өтті полиция подполковнигі Қ.Сахов. Мал ұрлығын болдырмау үшін Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, қора-жайларға сенімді қоршаулар мен құлыптар орнату керек, ал малды таңбалауды және сырғалауды ұмытпау қажет. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны бойынша хабарласыңыз. Өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпаңыз!

ТО ПД баспасөз қызметі