Түркістан облысында заңсыз балық аулаған 171 жағдай тіркелді

Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімімен жыл басынан заңсыз балық аулау фактісімен 171 оқиға анықталып, 159 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл туралы инспекциясы басшысының орынбасары Мейіржан Өмірәлиев брифингте мәлімдеді.
«Табиғат заңдылығын бұзудың алдын алу және анықтау мақсатында 78 рейд, оның ішінде құзырлы органдарымен бірлескен іс-шараларға сәйкес 34 рейд ұйымдастырылды. 2021 жылдың басынан Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімімен 171 оқиға анықталып, 159 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 2 іс сот органдарымен қаралып кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 12 іс бойынша қылмыстық іс құқық қорғау органдарына жолданып, 6 қылмыстық іс бойынша кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды»,- деді ол.
Брифингке қатысқан ҚР ІІМ Түркістан облысы жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Нұрлан Тұмабаевтың айтуынша, жедел-профилактикалық іс-шаралары 11 қазаннан мен 11 қараша аралығында Түркістан және Қызылорда облыстарының аумағында өткізілген. Рейд барысында 36 балық қорғау заңнамасын бұзушылық фактілері анықталып, 35 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің мамандарымен, Түркістан облысының полиция департаментінің қызметкерлерімен 2021 жылғы 27 қазанда Шардара, Түркістан, Шымкент қалаларының сауда орындарында синтетикалық нейлондық және полиамидті-синтетикалық моножіптен жасалған ау торларларды саудалауға қарсы үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі