«Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл аудандағы 112 шақырым жолға жөндеу жүргізілді. Оның 69 шақырымына асфальт төселеді. Құрылыс жұмыстары аймақ басшысының жіті қадағалауында. Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы барып, жүргізіліп жатқан 1,1 шақырымды құрайтын Өркен көшесіне асфальт төсеу жұмыстары барысымен танысып қайтты.
Қазіргі таңда, ауданға қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Әжібеков, Ынтымақ, Абай және Кемпіреков көшелеріне асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары тамыз айының соңына дейін толығымен аяқталып, халықтың игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Нысан құрылысымен танысқан аудан басшысы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемеге және тиісті бөлім басшыларына мемлекет тарапынан бөлінген қаржының уақтылы игерілуін, әлеуметтік нысандарда істеліп жатқан жұмыстардың сапалы болуын және белгіленген уақытта халық игілігіне берілуін қадап тапсырды. Жолдардың сапасында ешқандай мін болмауына назар аудару қажет,- деді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев. Айта кетсек, биыл аудан бойынша жалпы 96 көшенің 112 шақырымы жөнделетін болады. Атап айтар болсақ, оның ішінде 69 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары, ал 43 шақырымына тас төсеу жұмыстары жүргізілмек. Еске сала кетсек, «Ауыл— Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылжар және Жібек жолы ауылдық округтерінде жалпы 16 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың жалпы ұзындығы 17,6 шақырымды құрайды. Ал, облыстық бюджет есебінен 20 көшенің 11,8 шақырымына жөндеу жүргізілсе, жергілікті бюджет есебінен 60 көшенің 83 шақырымына орташа және ағымдағы жөндеу (тас төсеу) жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі өткен жылмен салыстырғанда 7,3% артып, 2022 жылы жарамды жолдардың үлесі 60,3%-ға ұлғаятын болады. Бұған дейін, жазда шаңға, жаңбыр мен қарда шаңға бататын ауыл тұғындары мемлекеттік бағдарлама негізінде іске асып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әсіресе, мектеп оқушыларының білім ұясына қатынауда қиындық азайды, дейді олар. Жауаптылар «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылар шаруа мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта да жүйелі жүзеге асарын тілге тиек етті.
Ntime.kz