Дарбаза тұрғындары ауыз сумен қамтылды

Сарыағаш аудан әкімі Мұхит Отаршиев Дарбаза ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.

— Өздеріңізге белгілі 20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бүгінгі таңда сайлау науқанына байланысты әр түрлі деңгейде жұмыстар атқарылуда. Құрметті ауыл тұрғындары алдағы сайлауға бір кісідей жұмылып, мемлекет болашағына бірге атсалысайық,-деді аудан басшысы.

Кездесуде аудан әкімдігі тарапынан ауыл тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын орындау бағытында атқарылған жұмыстар да баяндалды. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Дарбаза ауылдық округіндегі 4 көшенің 9,4 шақырымы орташа және ағымдағы жөндеуден өткізілді.

Сонымен қатар, Дарбаза елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Сарысу елді мекенінде халықтың тығыз шоғырлануына байланысты 200 орындық №40 Н.Әбдіров атындағы жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындар тарапынан аудан басшысына спорт алаңшасын және мәдениет үйін салу, жайылым жер, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік жағдайды көтеру және өзге де мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді.

Кездесуден кейін аудан басшысы бір топ тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыс атқарылатынын жеткізді.

Ntime.kz