Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ордалары салынуда

жаңа білім ордалары

Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба – өңірдегі апатты және үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесін шешуге бағытталған маңызды бастама.

2024-2025 жылдар аралығында облыс аумағында 63 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Жалпы жобалық қуаттылығы 49 мың оқушы орнын қамтиды.

Түркістан облысында былтыр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп салынып, оның ішінде 13-і пайдалануға берілді. Енді биыл жыл соңына дейін тағы 16 мектеп іске қосылады деп жоспарланған. Сондай-ақ, «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында білім алушыларға толық жағдай жасалған. Оның ішінде, оқулықтармен, ыстық тамақпен, қосымша білім берумен қамтылған. Сонымен қатар, мектептерді жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, облыста 2025-2027 жылдары 115 мектеп жаңғыртудан өтеді. Биыл 41 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде, 15 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 26 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Бұл ауылдағы оқушы мен қаладағы оқушының тең дәрежеде білім алуына жол ашады.

Аталған ауыл мектептерінің басым бөлігі 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Жөндеу жұмыстары тек ғимараттарға ғана жүргізілмейді. Мектептердегі асханалар, кітапханалар, спорт залдар, пән кабинеттері мен сынып бөлмелері толық жабдықталып, қауіпсіздік жүйесі мен жиһаздармен қамтамасыз етіледі. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 26 мектептің 6-ның қаржысы облыстық бюджеттен қаралған. Ал. 3 мектепті «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен жөндеу көзделген.

Жобаның сапалы жүзеге асуы Түркістан облысы әкімдігінің қатаң бақылауында. Құрылыс барысы жүйелі түрде тексеріліп, нысандар белгіленген мерзімде және талапқа сай аяқталуы үшін жергілікті атқарушы органдар мен мердігер компаниялар тығыз жұмыс істеуде.

«Жайлы мектеп» жобасы – Түркістан облысының білім саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді әрі стратегиялық маңызды бастама. Заманауи мектептер балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жол ашады. Бұл тек жаңа ғимараттар емес, болашаққа салынған сенімді инвестиция.