Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданында орналасқан Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі жанынан салынып жатқан 300 орындық жаңа жатақхана құрылысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында қала басшысы құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысын көріп, нысанның салыну сапасы мен мерзіміне назар аударды. Жатақхана құрылысы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған білім беру мекемесінің инфрақұрылымын жақсартып, оқушылардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік бермек.
Құрылыс жобасы «Жайлы мектеп» ұлттық бастамасы аясында жүзеге асуда. Заманауи стандарттарға сай салынатын жаңа ғимаратта оқу кабинеттері, демалыс бөлмелері, асхана және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған аймақтар қарастырылған. Жатақхана толық пайдалануға берілген соң, колледж бен интернат тәрбиеленушілері үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптасады.
Аралау барысында қала әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекемеге және құрылыс басқармасына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, нысанды уақытылы және сапалы аяқтау үшін жауапты тараптарға күнделікті бақылау жүргізу керектігін ескертті. Әкім әлеуметтік нысандардың құрылысы қала үшін маңызды басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, мұндай жобалар балалардың білім алу мен өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, инклюзивті орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қала басшысы құрылыс жұмыстарының барысын кезең-кезеңімен бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Жаңа жатақхананың пайдалануға берілуі ерекше күтімді қажет ететін балалардың өмір сапасын арттырып, олардың әлеуметке бейімделуіне үлкен серпін бермек.
Сондай-ақ, қала әкімі білім беру нысандарының қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілетінін айтты. Ол бұл жоба тек әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым ғана емес, балалардың болашағына жасалған маңызды инвестиция екенін атап өтті. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына қажетті материалдар мен мамандар толық қамтамасыз етілген. Нысанның сапалы салынуы үшін тұрақты түрде техникалық және авторлық қадағалау жүргізілуде. Жобаның толық аяқталуы Шымкент қаласындағы инклюзивті білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосады.
