Жасөспірімнің жүрегіне күрделі ота жасалды

Жүректің туа біткен ақаулары қауіпті патология болып табылады. Туғанан пайда болған жүрек кемістігі іште жатқан кезде жүректің жаратылу эмбригонезінің бұзылуынан, туған уақытына дейін бір қалыпқа келіп үлгермеуінің әсерінен болады. Барлық жүрек ауруларының ішінде бұл аурулар 1-2% шамасында.

Шымкентте қалалық клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет жасөспірімге жүрекке күрделі ота жасалды. Туа бітті жүрек ақауы диагнозы 16 жасқа дейін пациентте ешқандай белгісі байқалмаған. Анасының айтуынша, бала спортпен айналысып, өзін сергек сезінген.

— Ұлым кенеттен бет-аузы ісініп, қан қысымы қайта-қайта көтеріле берді. Жедел жәрдеммен ауруханаға келдік. Мұнда дәрігерлер жедел ота жасау керек екендігін айтқанда өзіміз де түсінбей қалдық. Дәрігерлер дер уақытта көмек көрсетіп, балама еш жерін кеспей, лазермен ота жасады, — деді науқастың анасы Мадина Әзімова.

Мамандардың айтуынша, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына мұндай диагнозбен түскен науқастар бұған дейін де болған. Дегенмен ота алғаш рет жасалған. Қазіргі уақытта ауруханада білікті дәрігерлер жеткілікті, ота жасауға мүмкіндік те мол. Сондықтан да дәрігерлер бұл ота түрін қолға алып отыр.

—Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, балада туа бітті жүрек ақауы диагнозы анықталды. Екінші күні дәрігерлердің шешімімен лазерлік ота жасалып балаға аклюдер аппараты қойылды. Ота 25 минутқа созылып, сәтті өтті. Қазіргі таңда науқас бала дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты, — деді ангиохирургия бөлімінің меңгерушісі Олжас Шынтасов.

Айта кетейік, жақында аталмыш балалар ауруханасында қояншық (эпилепсия) ауруына да тұңғыш рет ота жасалған. Ол ота түрі де сәтті өтіп, дәрігерлер басқа да науқастарға жасауды жоспарлап отыр.