Электронды үкімет халық игілігі үшін – тиімді жоба

Дамыған елдерде азаматтар құжат арқалап табан тоздырмайды. Мекемелердің есігін қағып кезекте тұрмайды. Мұның тиімді жолы -электронды үкімет. Сондықтан ғаламтордан өзіңізге тиісті құжатты алу үшін цифрлық сауатты болуыңыз шарт. Мұны әсіресе  жастардың білгені абзал. Жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы да ат салысуда. Мекеме қызметкерлері жас буынға осы мақсатта арнайы семинар сабақтар жиі ұйымдастырып, мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін насихаттауда.

Электронды үкімет онлайн режимде өмір сүруге үйреткен жоба деуге болады. Бірақ бұл жүйеге үйрену оңай болған жоқ. Әлі күнге электронды қолтаңба алмағандар баршылық. Ал  eGov.kz сайты ашылып, онда  мемлекеттік органдардың жұмысы мен халыққа көрсететін қызметтері жайлы ақпарат пайда болғанда, үкімет жұмысы жария істей бастады деп таң­ғалғанымыз бар.  Бұл электронды үкіметтің даму кезеңінің алғашқы сатысы болатын. Одан кейінгі кезеңде  электронды қызмет ұсыныла бастады. Дәл осы кезде портал пайдаланушылары түрлі мекемелерден кезекке тұруға уақыт жұмсамай-ақ анықтама алу, кез келген мемлекеттік органға сұранысты үйден шықпай жіберіп, оның мәртебесін қадағалау  мүмкіндігіне ие болды.

          Бұл мекемелік ақпа­раттық жүйелер, мемлекеттік деректер қоры, электронды түрде лицензиялау және электронды үкімет шлюзі енгізілген жылдар еді. Есте болса, бұл кезеңде   порталдан қажетті құжаттар тізімі, мемлекеттік баж салығының мөлшері, өзі жүгінгелі отырған меморганның байланыс мәліметтері секілді  ақпараттарды алушы едік. Электронды үкімет дамуының үшінші кезеңінде  мемлекеттік баж салығын, алымдар, айыппұлдар және коммуналдық қызмет ақыларын төлей бастадық. Егер  бұған дейін қызмет ақысын төлеу үшін банкке бару ке­рек болса, енді ол қызметті онлайн жүйеде пайдалануға, оның ақысын  да онлайн төлеуге қол жетті. Кәсіпкерлерге транзакциялық кезең шын мәнінде бағалы сыйлық ұсынғандай болды, ол – электронды мемлекеттік сатып алу болатын. Себебі сатып алу байқаулары мен тендердің әділдігі мен ашықтығы артты.

Электронды үкіметтің бүгінгі кезеңі қыз­мет көрсетудің  жылдамдығын арттыруға бағытталып отыр. Жыл басынан бері азаматтар 15 минут ішінде заңды тұлғаны тіркеу, жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігіне ие болды.

Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да оекіжақты тиімді шараларды ұйымдастыра бермек. Ал құжатты үйде отырып алу, уақытыңыз бен қаржыңызды үнемдейтіні анық.

Ntime.kz