Дамыған заманда бүкіл құжатты арқалап жүрудің қажеті жоқ. Себебі, бірқатар құжаттарды смартфон ішіне сыйдыруға болады. Ол үшін мобильді қосымша мен электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса болғаны. Егер болмаса, оны ХҚО-ға бармай-ақ, ЭЦҚ қалай алуға болады? Мерзімі өтсе қалай ұзарту керек. Түркістан облыстық ХҚКО мамандарының кеңесіне көз жүгіртіңіз.
ЭЦҚ қалай ашуға болады?
Қандай да бір анықтамаларды алу үшін бұрын ХҚО-ға бару керек болатын. Бірақ қазір бұл қажет емес, барлығын ЭЦҚ көмегімен онлайн алуға болады. Бұл қысқа нұсқаулық сізге ЭЦҚ-ны бірнеше минут ішінде алуға көмектеседі:
1. eGov.kz-те «Сервистер» санатында «ЭЦҚ қашықтықтан алу» бөлімін таңдаңыз
2. «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз
3. «Жеке куәлік» таңдаңыз;
4. ЖСН енгізіңіз;
5. телефон нөмірін көрсетіңіз және веб-камера арқылы жеке тұлғанызды сәйкестендіріңіз;
6. ЭЦҚ сақтау үшін папканы таңдаңыз;
7. Парольді орнатыңыз;
8. ЭЦҚ қолдануға дайын
Осы қадамдарды орындамас бұрын компьютерге NCALayer бағдарламасын орнатыңыз және веб-камераға қосылуын тексеріңіз.
ЭЦҚ мерзімін қалай ұзартамыз?
Сіздің телефоныңызға ЭЦҚ мерзімінің аяқталып қалғаны жайлы SMS-хабарлама келеді. Ақпаратты тексеру үшін Ұлттық куәландыру орталығының pki.gov.kz порталына кіріп, жеке кабинетіңізден ЭЦҚ-ның жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Одан әрі мына әрекеттерді жалғастырыңыз:
Қолданыстағы ЭЦҚ-ңызға қатысты барлық деректерді толтырыңыз;
«Кілттер тізімін жаңарту» батырмасын басыңыз. ЭЦҚ құпиясөзін дұрыс енгізген кезде аутентификация кілті бейнеленеді. Қол қойып, әрі қарай жұмысқа кірісеміз;
ЭЦҚ кілттерімен жұмыс жасау үшін «Менің ЭЦҚ кілттерім» бөліміне көшеміз.
Ашылған мәзірден «ЭЦҚ кілттерін қайта шығару» тармағын таңдаңыз;
Негізгі жолдарды толтырыңыз, «Өтінім беру» батырмасын басыңыз;
растаңыз және оған қол қойыңыз;
ЭЦҚ-ны сақтау үшін компьютерді таңдасаңыз, онда құпиясөз ойлап табыңыз және енгізіңіз, одан кейін «Сертификаттарды жүктеу» батырмасын басыңыз.
Есіңізде болсын:
Мобильді азаматтар базасында тіркелмеген болсаңыз SMS-хабарлама келмейді;
Құпиясөзде төменгі және жоғарғы регистрдегі латын әріптері, сондай-ақ сандар болуы тиіс;
Құпиясөздің ұзындығы кем дегенде 6 таңбалы болуы керек.
Электронды цифрлық қолтаңбаны өзге адамдарға беруге болмайды. Егер берсеңіз, ол адам сіздің дүние-мүлкіңізге және барлық заңды әрекеттер жасау құқығыңызға ие болады.
Ntime.kz