Түркістан облысында қызмет бабында қайтыс болған полицейдің жұбайына Қ. Дәлбековтің арнайы сыйлығы табысталды

30 тамыз Конституция күні мерекесі мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков игі іске бастама жасады деп хабарлайды ТО ПД-ның баспасөз қызметі. Нақтырақ айтсақ, қызмет бабында қайтыс болған М.Сарбаевтың отбасына облыстың бас полицейі атынан арнайы сый-сыяпаттары жеткізілді. Мұхтар Сарбаев, 2020 жылдың жаз айында «пневмония» дертіне шалдығып, салдарынан отбасы, жақындары, қызметтестерімен мәңгілікке қоштасып кеткен еді. Жұлдызы ерте сөнген полицей, Түркістан облысы ПД ЖПҚБ бағынысты Патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы болып абыройлы қызмет атқарды. Блок-бекеттерде халықтың амандығы үшін күні-түні қызмет еткен. Өз басын ойламай, елге берген антына адал болған. Осы орайда қаза тапқан қызметкердің үйіне келестік полицейлер арнайы барып, артында қалған 4 бірдей перзентіне сыйлықтар үлестірді. Генералдың атынан келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Өз кезегінде Мұхтар Сарбаевтың жақындары Түркістан облысы ПД-нің басшылығына ізгі тілегін білдірді. Үнемі ұмытпай құттықтап келетін, туысқандарындай хал-жағдайын сұрап тұратын тәртіп сақшыларына үлкен рахметін айтты. Жұмыстарына табыс, дендеріне саулық, биік абырой тіледі. Түркістан облысының полицейлері бүгінгі күннің батыры саналатын, халқына аянбай қызмет ете жүріп, ажал құшқан полицейлердің есімдерін, оның отбасын, ұрпағын ұмытпай, әрдайым қолдан келгенше қолдау білдіріп отыруды дәстүрге айналдырған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да орын ала бермек.