Шымкентте былтыр мемлекеттен 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант алып, бизнес-жоспарларын жүзеге асырған 1000-нан астам азамат жеке кәсіптерімен айналысуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы оларға алдағы уақытта шағын кәсіптен орта бизнес деңгей іне көтерілулеріне қолдау көрсетуге мүдделі. Осы мақсатта бүгін «Арбат» алаңында жәрмеңке ұйымдастырылып, оларға ірі кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына өз өнімдерін таныстыру мүмкіндігі ұсынылды.
Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, бүгінде өз еңбектерімен кәсіптерін дөңгелетіп отырған 200-ге жуық грант иегерлерінің бизнес-жобаларымен танысты. Басым көпшілігі тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қол өнер және жиһаз өндіру кәсіптерімен айналысады.
Қайтарымсыз грант осылайша отандық, оның ішінде шымкенттік өнім көлемін арттыруға септігін тигізуде. Грант иегерлерінің өнімдерін кеңінен насихаттап, дәріптеу көзделген жәрмеңкеде кәсіпкерлер көпшілікке бәсекеге қабілеттіліктерін паш ете білді. Нәтижесінде ірі кәсіпкерлер грант иегерлерінің өнімдеріне қызығушылық танытып, сауда нарығында қолдау көрсетуге ниеттерін жеткізді. Бұл тұрғыда жауапты сала мамандарының сүйемелдеуімен бірлескен жұмыстар жүргізілмек. Қайтарымсыз грант халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің біріне айналып отыр. Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау шарасы биыл да өз жалғасын тауып, Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің нәтижесінде 228 азамат грант иегері атанды. 11-22 қыркүйек аралығында өтіп жатқан III-лекте қалған 219 грантқа өтінім қабылдануда.