Еңбеккер бейнесі – Жанар Қарақұлова

Мектептердегі бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушы ғана емес, психолог, баланың болашағына бағыт беруші, бала бойындағы қабілетінің көзін ашушы, қорғанышы деп айта аламыз.Саналы ғұмырының 36 жылын бала жетелеуге арнаған Шымкенттегі №17 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жанар Қарақұлованы бала жанының бағбаны деуге болады. Бастауыш сыныбының балақайларына білім нәрін құйып келген ұстаз биыл «Үздік педагог» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы атанды.Жанар Махамбетқызы алғашқы еңбек жолын 1985 жылы Бөген ауданындағы М.Горький атындағы мектепте ұзартылған күн тобында тәрбиеші болып бастады. Шымкент қаласындағы №17 мектепте 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді.Бастауыш сынып оқушыларын оқытуда шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін арнайы әдістеменің болуын талап етеді. Ж.Қарақұлова әр сабағанда шығармашылық тапсырмаларға басымдық берудің арқасында табысты нәтижеге қол жеткізіп келеді. Шығармашылық тапсырмалар балақайлардың өздігінен ойлау, әркетке көшу және талдау дағдысын дамытуға ықпал етеді.Білікті ұстаз бүгінге дейін шеберлік курстарында шыңдалып, өзі қызмет атқаратын мектеп мұғалімдерімен методикалық әдіс-тәсілдерді бөлісіп отырады. Қаладағы Педагогикалық шеберлік орталығының тренері ретінде еңбектері республика көлемінде таралып отыр. Бүгінге дейін 5 авторлық бағдарламасынан бөлек 20-ға жуық әдістемелік қолданбасы мен ғылыми мақаласы жарық көрген. Ұстаздың шәкірттері түрлі деңгейдегі пән олипиадаларына қатысып, 15 оқушысы республикалық және халықаралық білім бәйгесінің жеңімпазы болды. Шымкент қаласында №17 мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының құрамында. Әр кәсіподақ мүшелерінің жетістігі – біз үшін үлкен мақтаныш!

Шымкент қаласы кәсіподақ орталығы