Түркістан қаласының жолаушылар көлігі мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі үшін маңызды саналатын қоғамдық көлік қызметі соңғы уақытта тұрғындардың жиі көтеретін тақырыптарының біріне айналды. Қалалық әкімдік бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын компаниялармен жүйелі кездесулер өткізіп, көлік қызметінің сапасын жақсарту бағытында жұмыстар атқарып келеді.
Шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы қалалық автопарктердің өкілдерімен өткізген кезекті мәжілісте қоғамдық көліктердің қызмет сапасына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді қозғады. Әкімнің айтуынша, соңғы кездері қала тұрғындарынан көліктердің уақытылы жүрмеуі, автобустардың техникалық жағдайының нашарлығы және жалпы қызмет көрсету сапасына байланысты шағымдар көбейген. Бұл мәселелердің барлығы халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін ескерген қала басшысы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.
Түркістан қаласы бойынша қазіргі уақытта 22 бағытта 194 автобус қызмет көрсетуде. Бұл автобустардың негізгі бөлігін «Жолаушы» ЖШС және «ТехПроАвто» ЖШС компаниялары басқарады. «Жолаушы» ЖШС 16 бағытқа жауапты болса, «ТехПроАвто» ЖШС қалған 6 бағытты қамтып отыр. Автобустардағы жол жүру ақысы «AlemPay» электронды картасы арқылы төленеді, оның құны ересектер үшін 70 теңге, ал мектеп оқушыларына жеңілдік қарастырылған. 7-ден 18 жасқа дейінгі балалар картаны қолдану арқылы жол ақысының 50%-ын ғана төлейді. Бұл жеңілдік көптеген ата-аналардың қалтасына жеңілдік әкеліп, балалардың қауіпсіз әрі тиімді жол жүруін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, «AlemPay» карталары Түркістан қаласының «Қуаныш» базары аялдамасынан және базар ішіндегі кеңсе тауарлары дүкендерінен сатып алуға болады. Тұрғындар картаны банк қосымшалары немесе Киви терминалдары арқылы оңай толтырып, дайын картаны 2505 нөміріне тіркеу арқылы пайдалана алады.
— «Кешеден бері сектор тұрғындарымен кездесуді бастадым. Кездесуде негізгі көтерілген мәселелердің дені осы қоғамдық көлікке қатысты. Сондықтан да «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімінің жұмысымен танысқым келді. Алдағы уақытта автобустарға байланысты шағымдар ескерілсін. Жолаушыларға жағдай жасау сіздердің міндеттеріңіз»,-деді Әзімбек Пазылбекұлы мәжілісте. Бұл өзгерістер Түркістан қаласының қоғамдық көліктер жүйесін жақсартуға, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған. Автобус қызметі қала өмірінің ажырамас бөлігі болғандықтан, қызмет көрсету сапасын арттыру, қоғамдық көліктердің уақтылы және дұрыс жұмыс істеуі – халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдететін басты факторлардың бірі.