Есімі қалды жаңғырып….

Адам ғұмырында жарқын бейнесі, жақсы ісі көңілден кетпейтін, санадан өшпейтін, күн өткен сайын тұлғаланып, биіктей беретін, айналасына арай шашып тұратын айрықша жандар болады. Міне, сондай асыл да абзал адамдардың бірі, өз дәуірінің қалаулы қызметшісі, сот жүйесіне зор еңбегі сіңген әріптесіміз Ақылбек Қайыпұлы Ертаев дер едім.

Еліміздің сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан, өзінің тәжірибесімен және үлгісімен ерекшеленген сот саласының майталманы Ақылбек Қайыпұлы Ертаевтың еңбек жолы жайында сөз қосқым келіп отыр.

Ақылбек Қайыпұлы Ертаев, 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында дүниеге келген. Киров атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығын тәмамдап, өзінің заң саласындағы еңбек жолын 1987 жылы Гурьев облысына қарасты Махамбет аудандық прокуратурасында прокурор көмекшісінің қызметінен бастаған. 1993 жылы өзінің туған мекеніне қайта оралып, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының сот мәжілісінің хатшысы, облыстық сотта кеңесші қызметтерін атқарған. Өзінің судья қызметін 1994 жылы бастап, Қазығұрт аудандық халық сотының әкімшілік және атқарушылық өндірісі бойынша судьясы, Қазығұрт аудандық сотының судьясы лауазымын атқарған. Бұдан кейін еңбек жолы 2005-2010 жылдар аралығында Сарығаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметімен жалғастырған. Өзінің кәсіпкерлік шыңдалуының арқасында 2010 жылы Шымкент қаласына ауысып, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы болып тағайындалады. Ал, 2015-2020 жылдар аралығында Ақылбек Қайыпұлы Арыс аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалады. Бұл қызметін абыроймен атқарып, 2020 жылдың шілде айынан бастап, өмірінің соңғы күндеріне дейін Сайрам аудандық сотында судьялық қызметін атқарып кетті.

Ақылбек Қайыпұлымен Арыс аудандық сотының төрағасы қызметіне келгенде, мен Арыс аудандық сотына судьялыққа тағайындалып, жас судья ретіндегі қызметімді жаңа бастаған кезім болатын. Сол кездері Ақылбек Қайыпұлы тәжірибесі мол судья ретінде жаңа буынға ақылын айтып, өзінің көп жылдық білімі мен тәжірибесімен бөлісетін өз саласының білікті маманы екеніне көзім жетті. Менің де судья болып қалыптасуыма төрағаның көп септігі тиді десем артық айтпағаным. Ақылбек Қайыпұлы Ертаев қызмет атқару барысында өзін жоғары білікті заңгер, теориялық және кәсіби дайындығы мол тәжірибелі судья ретінде танытты. Өзінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын, соттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласатын білікті де белсенді төраға бола білді. Ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеті өте жоғары болды. Судьялық қызметін атқарумен бірге қоғамдық жұмысты да ұштастырып, ұжымдық іс-шараларға белсене араласты.

Ақылбек Қайыпұлы Ертаев Арыс аудандық сотында төрағалық қызметін жүзеге асыру кезінде бұқара халықтың құқықтық сауатын көтеру, өзгерістер жиі еніп отыратын заңдарды халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатымен ауылдық округтерге шығып, бұқара халықпен кездесулер өткізіп, мұң-мұқтаждарын тыңдап, оларға тиісті түсіндірмелер жасауға ат салысатын. Соттың ашықтығын жариялау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болды, журналистермен жиі кездесулер өткізіп, оларды толғантқан сұрақтарына жауап беріп телесұхбаттар беріп отырды.

Ақылбек Қайыпұлы негізгі қызметі сот төрелігін жүзеге асырумен қатар, қайырымдылық іс-шараларды да жиі ұйымдастырып отырды. Арыс қаласындаға Тәжібаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ерекше ықыласын бөлді. Балаларды Жаңа жыл, Наурыз, балалар күні мерекелерімен үнемі құттықтап, оларға мерекелік дастархан жайып, сыйлықтар сыйлауды, ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларға бір мезеттік болса да күлкі мен қуаныш сыйлауға тырысты.

2019 жылы маусым айында бүкіл елді дүрліктірген Арыс қаласындағы жарылыс кезінде де Ақылбек Қайыпұлы сырт қалмады. Арыс халқының басына қиындық туған кездерде, тәжірибесі мол азамат ретінде ұжымды бір жерде ұстап, жарылыс салдарының жойылуына, атап айтқанда зақымданған сот ғимаратының тезірек қалпына келтіріліп, сот жұмысының үздіксіз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасады.
Осылайша Ақылбек Қайыпұлы сот жүйесіне ғана емес, сонымен қатар өзінің туған өлкесі Оңтүстік Қазақстан облысына да мол еңбегін сіңірді. Ақылбек Қайыпұлы Ертаев басқарған ұжым аудандық және оған теңестірілген соттың жұмысын үздік ұйымдастыру байқауларында облыстағы соттардың арасында 2014 жылы, 2016 жылы, 2017 жылы «үздік аудандық сот» атанып І-орынға, Республикалық байқау-конкурстың 2017 жылдың нәтижелері бойынша ІІ-орынға ие болды.
Ақылбек Қайыпұлы Ертаев сот жүйесіндегі көпжылдық жұмысы мен сот төрелігін жүзеге асыру ісіндегі мінсіз адал еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы судьялар одағының «Құрмет грамотасымен», Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Грамотасымен», Оңтүстік Қазақстан облыстық соты төрағасының «Құрмет грамотасымен», бірнеше «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Ақылбек Қайыпұлы Ертаев өзінің саналы ғұмырын сот жүйесінің дамуына ғана емес, сонымен қоса сот жүйесінде қызмет атқарған мамандарды тәрбиелеуге арнады, өзінің іскерлігі, қарапайымдылығы, сыпайылығы жағынан ерекшелене білді.
Осындай тәжірибелі, жастарға үйретері мен айтары мол әріптесіміз Ақылбек Қайыпұлын бейнетінің зейнетін көрер шақта, құрметті демалысқа шығар алдында 2021 жылдың күзінде сұм ажал кенеттен ортамыздан алып кетіп, сот саласындағы әріптестерін есеңгіретіп тастады. Сот саласындағы әріптестері сот жүйесінің дамуына барлық күш-жігерін арнаған білікті де білімді, үлкенге ізетпен, кішіге қамқормен қараған, мейірімді де қарапайым біртуар азамат Ақылбек Қайыпұлы Ертаевты сағына еске алып отырады.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
Гүлмира Мекембай