Қоғамдық қауіпсіздік және ұрпақ тәрбиесі: Жамбыл облысы ПД басшылығы қоғам қайраткерімен кездесті

Қоғамдық қауіпсіздік және ұрпақ тәрбиесі

Бүгін қоғам қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызы облыстық ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Жанаевпен кездесуге келді.

Кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер – түрлі қылмыстардың жолын кесу, құқық  бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер тәрбиесі және ата-ана жауапкершілігі талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық идеология мен қоғамдағы рухани құндылықтарды сақтаудың маңызы сөз болды.

Бауыржан Жанаев полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі – қоғам тыныштығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және халықпен ашық диалог орнату екенін атап өтті.
Сәуле Мешітбайқызы жас ұрпақ тәрбиесі және ұлттық құндылықтардың сақталуы – ел болашағы үшін аса маңызды екенін жеткізді.   

— Ұлттың болашағы – тәрбиелі жас ұрпақ. Сондықтан қоғамның, ата-ананың жауапкершілікті сезінуі, рухани құндылықтарды сақтауы, тәртіп пен тәрбиені берік ұстануы – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл бағытта құқық қорғау органдары ашық жұмыс істеп, халықпен тығыз байланыста болуы маңызды, – деді қоғам қайраткері.

Кездесу өзара түсіністік пен мағыналы пікір алмасу аясында өтіп, бірлескен жұмыстарды жалғастыру келісімімен қорытындыланды.

Жамбыл облысы ПД