«Азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа үлгісі»

19.12.2020ж. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып,(бұдан әрі – Заң) қолданысқа енгізілді.

Жаңа Заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты.

Енді полиция қылмысты ашады, оған қатысты тұлғаларды анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді.

Прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды, азаматтардың қылмыстық процестің орбитасына заңсыз тартылуына жол бермейді, сотта мемлекетті айыпты қолдайды.

Ал сот органы қылмыстық қудалау органы қызметкерлерінің әрекеттеріне түскен шағымдарды қарайды және түпкілікті шешім қабылдайды.

Енді жаңа Заңның талаптары бойынша қылмыстық процестегі негізгі шешімдер(күдікті ретінде тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, тергеп-тексеру мерзімін үзу, қылмыстық істі тоқтату және т.б.)тек прокурордың келісуінен немесе бекітуінен кейін ғана заңды күшіне ие болады.

Ағымдағы жылдың 10 айында қылмыстық қудалау органының қылмыстық істер бойынша қабылдаған 5367 шешімін аудандық прокуратура мақұлдаса, 425 шешім бойынша келісу немесе бекітуден бас тартты.

Мысалы, полиция ұрлық қылмысын жасаған күдіктіге қатысты қылмыстық істі оның жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтату туралы шешім қабылдап, аудандық прокуратураға бекіту үшін жолдаған.

Аудан прокуратурасы тергеушінің процестік шешімінің заңдылығын тексеріп, бұл шешімнің қылмыстық-процестік заңнамаға қайшы келетіндіктен оны бекітуден бас тартып, қылмыстық істің сотқа жолдануын қамтамасыз етті. Осылайша күдіктінің қылмыстық жазадан негізсіз босатылуына жол берілмеді.

Бүгінгі күні аудандық прокуратура мен полиция басқармасы үш буынды модель аясында бірлесе отырып сәтті жұмыс жасауда.