Қуыршақ театры 41 маусымның шымылдығын ашты

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры 41 маусымның шымылдығын Абылай Маудановтың «Кейкінің кегі» қойылымымен ашты. Премьераға қойылымның авторы Қостанайдан арнайы қонақ ретінде шақырылды. Қойылым 1916 жылы Торғай өңірінде ұлт-азаттық көтерілісінің алғашқы күндерінен белсене араласқан, көтерілісшілердің негізгі күші – мергендер жасағын басқарған Кейкі Кәкімбайұлы жайында.

Кейкі жастайынан аңшы, мергендігі және өжеттігімен танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің – көзі мерген, Кейкінің қолы – мерген» деген сөз қалған. Қойылымда халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батырдың қуғынға ұшыраған кезеңі бейнеленеді.

Қойылым үшін жасақталған сахна декорациясы, жас актерлердің өз рөлдерін шебер сомдауы, бәрі-бәрі өз үйлесімімен көрерменді бір сәтке ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы Торғайға саяхаттау әсеріне бөледі.

–Қазақ жастарының рухын оятатын туындылардың көбейгені қуантады. Бүгін «Кейкінің кегі» қойылымын тамашалап отырып көптеген идеялар ойға оралды. Қойлымның ұзақтығы 45 минут болғанымен, осы қысқа уақытта көрерменге көп ойды беруге болатынына көз жеткізіп отырмыз. Жас актерлер де өзіне жүктелген образды жан-тәнімен сомдағаны мен режиссердің шеберлігінің арқасында біз қойылым барысында Торғай даласында отырғандай сезіндік, – дейді премьераны тамашалауға келген ҚР еңбек сіңірген әртісі, қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы.

Кейкі тек Торғай өңірінің ғана емес, күллі қазақтың батыры.

–Бұл жасөспірімдерге арналған қойылым болғасын батырдың жанкештілігі, қандай қауіп болмасын ұлтым деген мақсаты оған медет болғаны, осы жолдағы жан күйзелісі баяндалады. Актерлер де кейіпкерлердің рөлін өте жоғары деңгейде ойнап шықты. Кез келген автор өзінің сөзін қорғайды. Қойылымды тамашалап отырып кей жерлеріне қатысты өз пікірімді айтып, әлі де жетілдіру қажеттігін түсіндірдім. Бұл Режиссер Бағлан Сейдалының кәсіби театрдағы тырнақ алды туындысы екен,– деді қойылымның авторы Абылай Мауданов.

Айта кетсек, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына биыл– 40 жыл. Осы уақыт ішінде өнер ұжымы 160 спектакль саханалаған. Мерейлі мереке аясында театр өз көрерменіне жаңа қойылымдарын ұсынбақ.