Сот жүйесінде мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселелері талқыланды

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ғимаратында сот жүйесінде мемлекеттік тілде іс жүргізу бойынша құжат айналымының үлес салмағын арттыруға бағытталған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Н.Н. Рахынбаев, сот судьялары, Сот әкімшісі басшысының орынбасары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Атап айтқанда, «Уақыт Талабы» республикалық газетінің бас редакторы, NTIME.kz сайтының директоры Жайлыбаева Жибек Салимкереевна қатысты.

Дөңгелек үстелде сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ тіліндегі құжат айналымының үлес салмағын арттыру, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолданудың маңыздылығы жөнінде пікір алмасылды.

Іс-шара барысында Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Н. Таштенов баяндама жасап, әкімшілік сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің рөліне тоқталды.

Сонымен қатар, қатысушылар сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданысын жетілдіру және қазақ тіліндегі құжат айналымын одан әрі арттыру бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Дөңгелек үстел соңында мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандырудың маңыздылығы атап өтілді.

Шымкент қаласы МАӘС