Ардагерлер үшін орталық ашқан әкім

Арыстықтар үшін  биылғы көктеммен келген ерекше жаңалық,  Гүлжан Мамытқызы Құрманбекованың әкім болып тағайындалуы еді. Нәзік жанды әкімнің жұмыс күні қала тазалығына көңіл бөлуден басталғанда, халық арасында жылы пікірлер қалыптасып жатты. Алғашқы кездесуінде қала ардагерлерімен танысып,  олар мен сұхбаттаса отырып, ұсыныстарын тыңдады. Маңызды ойларды тізіп алған әкім Гүлжан Мамытқызы:   — «Қарты бар елдің қазынасы бар», деген бабаларымыздан қалған аталы сөзін ойыма арқау  етіп, қариялар игілігі үшін, алдағы уақытта арнайы

«Ардагерлер үйі» ашуды жоспарлап отырмын. Санаулы күндерде осы қуанышты сәттің куәсі боласыздар, -деп сөзін қорытындылаған болатын. Бұл сөз қариялар қауымын бір сілкіндіріп тастаған . Осы кезге дейін  қамқорлыққа зәру болған ардагерлер үшін, Арыстық кәсіпкер Рамазан Қадырқұлдың жеке меншігіндегі  тойхананы қайта жабдықтап, белсенді өмір орталығы ашылды.Елімізде ерекше үлгіде жабдықталған ардагерлер үйінің ашылу салтанатына, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, қариялардың қуаныштына ортақтасып, ақ тілегін арнады. « Біз қариясын сыйлаған, қасиетті елдің ұрпақтарымыз. Үлкенге бас иіп, ақылын тыңдап, ақ батасын алып өстік. Олар жүрген жолдар мен өнегелі істерінен үлгі алып, болашаққа бой түзедік. Зейнет жасына жеткенде, қоғамнан жырақ қалмай, бос уақыттарын тиімді де, көңілді өткізуіне, денсаулықтарына қажетті мүмкіндіктердің бәрін жасау азаматтық парызымыз. Сіздер арқылы аталардың ұлағатты өнегелерін , жас ұрпақтарға аманаттауға тиістіміз. Қариясын сыйлаған елдің , қанаты талмайды. Үлкендерге құрмет жасалған жерде, жамандыққа орын болмайды. Ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың нәтижесінің жақсылығы, осындай жарқын істермен айғақталады. Қариялардың қолдары бос кезінде, бәрі бас қосып сұхбаттасып, қажетті емдеу шараларын қабылдап, уақыттарын көңілді өткізуіне осындай жағдай жасауымыз қуанышты жағдай. Бұл үрдіс алғаш Арыс қаласында бастау алуы да, жаңа әкімнің іскерлігін көрсетеді. Осы игілікті шаралар барлық аудандарда жалғасын табуын қалаймын. Арыстықтар бастамасын үлгі етіп айта жүретін боламын, — деп ризашылығын білдірді. Ардагерлерге тарту етілген ғимаратта үйлестіру шараларын Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығы жүзеге асырды. Ғимарат ішінде ардагерлердің бас қосып сұхбаттасуына, түрлі жиындар өткізуіне және тынығып , шығармашылықпен айналысуына да мүмкіндік жасалған. Орталыққа мүше алты мыңнан астам ардагерлердің денсаулықтарын тексеру үшін , арнайы терапевт дәрігері мен емдік массаж бөлімі жұмыс жасайды. Орталықтың әр бір мүшесін медициналық карталары арқылы бақылау жасап, тиісті дәрігерлік көмектер беру жоспарлануда.  Алты ауыл округтарындағы қарттар мен қала қариялары жиналып , сапалы ем қабылдау үшін келіп тіркеліп жатыр. Осындай жақсылықтарды жылы қабылдаған,  Байырқұм ауылының бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасан Сақұлы:

-Бұрын ардагерлер үйіне келгенде, олар отырған ғимараттың ескілігінен көңіліміз түсіп қайтатынбыз. Мынау белсенді өмір орталығы – бізге қуаныш сыйлады.  Жұмыс істеп жүргенде, жолдас та, дос та көп болды. Ештеңе сезілмейтін. Зейнетке шыққаннан кейін, шынында қоғамнан шектеттеліп, даладай қалғандай күй кешетін едік. Бұл біздің қиялымызға кірмеген жаңалық.

Орталықтың ішін көріп таң қалдық. Жұмыс істеп жүрген кезімізде мұндай қамқорлықты көрмедік. Кереметтігі соншалық,   ауылымыз қаладан жырақтау болса да, біз осында келуге асығып тұрамыз. Замандастармен бір күнгі дидарласудың өзі жылғаа азық болады. Орталықта тұзбен емдеу, сенсорлық,  иогалық жаттығулармен ем алуға да, массаж жасатуға мүмкіндіктер бар.  Сондай-ақ , шахмат-дойбы, тенис, бильярд, тоғызқұмалақ, басқа да түрлі спорттық тренажорлар , кітапхана бөлімшесі жұмыс жасайды. Қарттарға бұдан артық қандай қамқорлық керек? Осының бәрі қала әкімі Гүлжан Мамытқызының еңбегі. Мына қамқорлығына қариялар  қауымының алғысы шексіз,- деп сөзін тұйықтады. Жиделі ауылдық окуругі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Сабырхан Беков : Ардагерлерге арналған мүндай орталық республика төңірегінде жоқ. Ол Арыс қаласында ғана бар. Бұл қала әкімінің ұтымды ізденісінің жемісі. Топырағы киелі өңірдің басына бұйырған бақ десек артық болмас. Қариясын сыйлаған қазақ қызының ардагерлер үшін жасаған құрметіне тіл жетпейді. Ата көрген абыздарына көңіл бөледі. Үлкендерді әкесіндей көреді. Ақ жаулықты аналарын анасындай ардақтайды. Бұрын бастары қосылмайтын қариялар үшін бұл ғимараттың орны ерекше болды. «Жас келсе –іске», деген мақалға осындай игі істер негіз болады. Бастама көтерген қала әкімі Гұлжан Мамытқызы мен оның ойына қолдау білдірген олбыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке  айтар алғысымыз шексіз,-дейді.  Осы  қариялардың пікірлері шынайы кһңілмен айтылса, басқа замандастардың да жүздері  жылылыққа толы. Әр кеудеде ортақ қуаныш, әр көңілде айтылмай жатқан алғыстар байқалады. Орталықтағы әр күн мереке секілді. Таң ертемен арнайы спорттық формамен келген қариялардың  қабақтарына қарап тұрып, көңілің тояды. Бәрі орта жастағы отты шақтарын естеріне түсіріп, еңселерін тіктеп, күдіктерін бүктеп, бір мақсатты діттеп келгендері сезіліп тұрады. Көздерінің қарашықтары маздап, сенімдерін жандырып жарқын-жарқын сөйлесіп, ширақ қимылдап мәре-сәре. Бір адам құдық қазса, мың адам содан су ішеді . Осы орталықтың мүшелері алты мың үйдің тұрғындары, олардың айтар алғысы да көп. Бәрін бір күнде тыңдап тауысу да мүмкін емес. Зейнеткерлердің бәрі жақсылық басшылыққа ризашылығын жеткізуге асығады. Өйткені, оның маңыздылығын  көзбен көрген адам ғана түсінеді.

Батыр Исламбеков — Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 Темірхан Әбдіков — зейнеткер