Арыста ауған соғысы ардагерлеріне тағзым етілді

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Сынаптай сырғып уақыт өтсе де, ерлік ескірмейді. Оларға тағзым етіп, еске алу болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс.Осыған орай, бүгін Арыс қаласындағы Ауған соғысы ардагерлерінің монументінде ауған соғысы ардагерлері мен қала тұрғындарының және әкімдік өкілдерінің қатысуымен «Ерлікке тағзым» шарасы ұйымдастырылды. Оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев, Арыс қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Әсіл Тәңірберген және жасөспірімдер қатысты. Жиналған қауым алдымен сол соғыста мерт болған жауынгерлердің құрметіне қойылған монументке гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.Сонан соң қала басшысы Гүлжан Мамытқызы сөз сөйледі.- Ұлтымызда «Ер есімі – ел есінде» деген аталы сөз бар. Әр жылдың ақпан айында біз Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухына тағзым етеміз. Майданнан аман оралған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Бүгінде біздің ортамызда жүрген ардагер азаматтар жастарды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебінің өкілдері. Сіздердің жасаған ерліктеріңіз мәңгі есімізде қалады. Аспанымыз ашық болсын, бейбіт өмір жасай берсін, – деді Гүлжан Мамытқызы. Жиын соңында «Ауған соғысы ардагерлері» кеңесінің төрағасы Ергентай Көшкінбаев сөз сөйлеп, Ауған соғысының ардагерлері атынан көрсетілген құрметке алғысын білдірді. Айта кетейік, Қазақстаннан Ауған соғысына 22 269 адам қатысып, оның 924-і қаза тапты. Ал 1 015 азаматтың мүмкіндігі шектеліп, 21 адам хабарсыз кетті.Ал Арыс қаласынан Ауған соғысына 71 адам қатысып, оның 1-уі соғыста қаза тапты. Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған 38 ауған соғысы ардагері қазіргі таңда Арыс қаласында тұрып келеді.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі