Балалардың әлеуметтік желі арқылы олқылық жібермеуі үшін не істеу керек?

Бұдан былай елімізде балалар буллингінің алдын-алу қағидалары әзірленіп, ғаламтордағы заңсыз контенттерге қарсы іс-қимыл нормалары енгізіледі. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында айтылды. Сонымен қатар балалар амандығының индексі жасалады. Бұл құқықтық, психологиялық мониторинг жүргізуге мүмкіндік бермек. Қазіргі таңда, әлеуметтік желіде жазған хабарламалар қадағалауға алынған.  Білместіктің салдарынан біраз адам «діни экстримизмге қатысы болуы ықтимал» деген күдікпен тергеуге де алынды. Ал, ақ пен қараны ажырата алмайтын балаларды бұл олқылықтан қалай құтқарамыз?

Балаңызға ғаламтор мәдениетін өзіңіз үйретіңіз.Жоғарыда айтылғандай лаңкестердің арбау алаңы – ғаламтор беті мен әлеуметтік желілер. Өсіп келе жатқан перзенттеріміз жүректеріндегі діни «вакуумды» толтыру мақсатында ғаламторға кіріп, сол жерде жат пиғылды «жанашырлардың» қармағына ілініп қалмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Енді не істеу керек?

Ғаламторға кіруге, діни уағыздар тыңдауға, діни кітаптар оқуға жаппай тыйым салу мәселені шешпейтіні бесенеден белгілі.

Ғаламтордан кейбір жаңалықтарды оқығанда, оның бұзақылардың, арсыз, азғындардың, залымдар мен қылмыскерлердің ортасы деген ой келуі мүмкін. Сіздің таңнан кешке дейін әлеуметтік желілерде отырған перзентіңіз сондай бүлікшілердің құрбаны болып кетеді деген қауіп те жоқ емес. Бірақ жастарға ғаламторды дұрыс және қауіпсіз қолдануды үйретуге әбден болады. Оның жолдары бар.

Алдымен онлайн режимдегі өмір жайлы өзіңіз не білуіңіз қажет, соған тоқталайық.

Біріншіден, жастар ұялы телефондарынан ғаламторға оп-оңай кіре алады. Ал компьютердің отбасының барлық мүшелеріне ортақ бөлмеде тұру керектігі бұрыннан айтылып жүрген ереже.  Алайда ғаламтор желісіне жалғанған «планшеттер» мен «смартфондар» жас жеткіншектердің виртуалды әлемге жеңіл еніп кетуіне жол ашатын құралдарға жатады. Сондықтан, баланы ғаламтордан тыйып тастау мүмкін емес. Бұл жағынан алғанда, ғаламторға тыйым салу жол апатына ұшырайды деп көлік жүргізуге тосқауыл қоюмен бірдей. Ең дұрысы, балаңызға ғаламтор кеңістігін дұрыс қолдануды үйретіңіз.

Жас өспірімдер желілерде сағаттап отыруы ықтимал. Соған бақылау керек. Мысалы, 16-17 жасар жастар электронды пошталарын қарау үшін 5 минутқа кірем деп, сол жерде сағаттап видеолар көріп қалғанын өздері де байқай бермейді. Ендеше, бұл жерде баланың бойында өзін-өзі бақылау сезімін жетілдіру керек. Ата-ана жоқ жерде де жас балалар ар-ұят сызығын аттамауды, бір бәлеге ұрынбауды, қысқасы ойнап жүріп от баспауды үйренулері керек.

Балаңыз өзі жайлы өте көп ақпаратты «көшеге» таратуы мүмкін. Зерттеулер нәтижесіне қарасақ, қылмыскерлер өз нысандарына алған жастардың өздері туралы жазған ақпараттарын, жеке пікірлерін көбірек зерттейді. Сол арқылы олардың кім екенін, қайда тұратынын, мінез-құлықтарын, ата-анасының жағдайын біліп алады. Содан соң өздерінің «саясаттарына» сай келетіндерді біртіндеп қолға түсіруге кіріседі. Сондықтан балаңыздың өзі жайлы деректерді әр жерге жариялауы дұрыс емес екенін түсіндіріңіз.

Жас қыздар да кейде жастықтың желігімен өздерінің ең әдемі суреттерін көлденең көзге көрсетуге тырысады. Бірақ сол арқылы сұғанақ көздерге ұрынуы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сол себепті қыз баласы өзінің суретін жалпы жұртқа жарияламағаны жөн.

Жазған дүниелерінің ақыры не боларын ойласын. Ғаламтор бетіне бір жазылған нәрсені шауып та, қырып та алып тастай алмайсыз. Бір жазылған нәрсе тасқа қашалғандай сіңіп қалады. Сондықтан балаңызға өзі, ата-анасы, жеке қасиеттері жайлы бір мәлімет жазарда әбден ойланып алуды үйретіңіз.  Ғаламторды ойсыз қолданған адам опық жеуі ықтимал.

Жастарға уақытты дұрыс пайдалануды және қай істің маңыздырақ екенін анықтауды үйретіңіз. Жауапкершілігі мол кісі болып өсу үшін қай іске көбірек мән беру керектігін үйренуі қажет. Отбасымен қарым-қатынас, білім іздену, үй шаруаларымен айналысу компьютер алдында телміріп отырғаннан әлдеқайда артық екенін жеткізіңіз. Егер балаңыз ғаламторды көп уақытын өткізіп жүрсе, бұл уайымдауға тұратын жәйт. Бұл уақытты те арада азайтуға тырысыңыз. Тіпті сағат өлшегіш қолдану да артық емес.

Ntime.kz