«Бал текстиль» кәсіпорнында 2,5 млрд теңгенің жаңа жобасы жүзеге асырылады             

Биылғы қараша айында іске қосылатын IV жоба жүзеге асырылса, қосымша 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда кілем фабрикасында 230 жұмыс орны бар. 2022 жылдың басындағы мәлімет бойынша, жобаға құйылған инвестицияның жалпы құны 11,25 млрд теңгені құрайды.

Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан фабрика Қазақстандағы ірі кілем және кілем өнімдерінің өндіріс орны саналады. Кәсіпорын 2013 жылдың қазан айында іске қосылған. Ал 2015 жылы компанияда синтетикалық иірімжіпті өндіру бойынша II жоба іске қосылды. Қазіргі таңда өндіріс орнының қуаттылығы жылына 7 млн шаршы метр кілем бұйымдарын және 4 мың тонна синтетикалық иірілген жіпті құрайды.

Компанияның өнімдері ел ішінде де, шетелде де, атап айтқанда Ресейде, Қырғызстанда және Тәжікстанда сұранысқа ие. Өндірістік қуатты ұлғайту мақсатында компания 2019 жылы кілем бұйымдарын өндіру жөніндегі III жобаны іске қосты, бұл өз кезегінде кілем өндірісінің көлемін жылына қосымша 2 млн шаршы метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

«Шымкент келбеті»