Бейберекет қоқыстар тазартылды

Қоршаған ортаға зиян келтірмеу әр адамның міндеті. Бірқатар дамушы елдерде қалдықты бөліп жинау мәдениеті әлі күнге жолға қойылмаған. Өкінішке қарай, бұл қатарда Қазақстан да бар.

Елімізде тұрмыстық қалдық тасталатын 3 520 полигон бар, соның 18%-ы ғана тиісті талапты сақтап отыр. Қоғам белсенділері және экологтар заңсыз қоқыс алаңдарының азаймағанын айтып, дабыл қағып жатқаны бекер емес. Жыл санап бейберекет қо­қыс алаңдары көбейіп барады. Сол себепті жергілікті ат­қарушы органдар аумақтар­дың санитарлық тазалығына бюджеттің миллиондаған қара­жатын жұмсауға мәжбүр.

Жалпы, қоқыс – ғасыр мәселесі. Қыста да, жазда да жиналмайтын қоқыс тақырыбы қашан да өзекті. Негізінен қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау ұйымдастырылған аумақтарда қоқыс бей-берекет тасталмауы тиіс. Алайда, тазалық компаниялары тұрғын үйлердің есігінің не ауласының алдынан күн сайын алып кетіп жатса да қоқыстан арылмайтын аумақтар жетерлік. Түркістан қаласының прокуратурасы талдау барысында жергілікті атқарушы орган тарапынан экология заңнамасынсақтамау салдарынан қала аумағында бірнеше бейберекет қоқыс алаңдары қалыптасқанын анықтады.
Прокурорлық қадағалау актісін енгізу нәтижесінде «Жаңа қала»,«Бірлік» мөлтек аудандары, «Тұңғыш президент» саябағының арты, Кентау тас жолының оң жақ бөлігі және «Түркістан-арена» стадионының маңында қалыптасқан бейберекет қоқыстар тазартылды.
Заң бұзушылықтарға жол берген кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Қала тазалығы туралы айтқанда тек қоқыс тастауды ғана ойлаймыз. Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандықтан, ауыр жүк көліктері құм мен топырақты артып, асфальтты лайлап, ластап, елдімекендерді абаттандыру қағидаларын бұзып жатқанынан да бейхабармыз. Құрылыс талаптарына сәйкес, олардың әрқайсысы доңғалақтарын жуып, көшені ластамауы керек.

Айналамызға қоыс тастамай таза ұстау үшін халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Құқықтық мәдениет бұл адам бойына жастайынан тәрбиемен даритын қасиет.