Бірлігі бекем елдің белін ешкім сындырмас

Бүгін — қазақстандықтар үшін айтулы мереке. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күткен мейрамы.

1995 жылдың 1 наурызында шаңырақ көтерген Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – мемлекеттік ұлттың саясатын жүзеге асыру, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін құрылғалы бергі атқарған жұмыстардан айқын көреміз. Сондай-ақ, саяси ұйым мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру жолында жемісті еңбек етіп келеді.

Қазақстанда 100-ден аса этнос өкілдері өмір сүреді.Осыншама этнос өкілдерінің басын біріктіретін бірегей құрылым ешкімді де бөле-жармай һакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қағидасын берік ұстанып келеді.

Сонау сұрапыл сұрғылт кезеңдерде біздің бабаларымыз, аталарымыз тағдыр талайымен жерімізге келген барлық ұлтқа қонақжайлылық танытып, жомарт көңілін көрсетті. Біз қашан да бабалар аманатына адалдық таныттық. Адамгершіліктен, ауызбіршіліктен аттаған кезіміз болған емес. Әрине, құшағын ашып, бауырына басқан қазақ халқына алғыс ретінде тілін үйреніп, үлкенін сыйлап, кішісін құрметтеп жүрудің де пайдасы орасан. Бұдан халықтар арасындағы достық нығая түспек.

«Бірлігі бекем елдің белін ешкім сындырмас» деген даналық бар. Алдағы күндерімізді, жарқын болашағымызды ойлап, сабырға жүгініп, ынтымақ, бірлік үшін тірлік жасағанымыз жөн!

Өзім еңбек ететін Түркістандағы Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бүгінде 10 мыңға жуық студент оқиды, оның ішінде 17 этнос өкілі бір шаңырақ астында білім алып жүр.

Қазақстанның бірлігі күні барлық балабақшалардан бастап, мектеп, университеттерде, колледждер мен мемлекеттік ұйымдарда айтарлықтай атап өтіліп жатыр. Бұл мерекенің Қазақстан халқының бірлігін нығайтуда, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеуде маңызы зор.

Сейдолла Садықов, ХҚТУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор