Бірлік — бейбітшілік бастауы

Бірлік - бейбітшілік бастауы

Бірлік – кез келген қоғамның ең басты құндылықтарының бірі. Адамдар арасындағы татулық пен өзара түсіністік болған жерде ғана тұрақтылық пен даму орнайды. Сондықтан да «Бірлік – бейбітшілік бастауы» деген ұғымның мәні өте терең.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мұнда түрлі этностар мен мәдениеттер бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Осындай алуан түрліліктің ішінде бірлікті сақтау – елдің басты жетістіктерінің бірі. Әр халық өз тілін, дәстүрін сақтай отырып, ортақ Отанын құрметтейді. Бұл – бейбіт өмірдің негізі.

Қазақстан халқының бірлігі күні – осы құндылықтарды дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күні ел тұрғындары бір-біріне құрмет көрсетіп, достық пен келісімнің маңызын тағы да еске алады. Түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп, халықтар арасындағы байланыс нығая түседі.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шаралар кешені өткізілді. Аталған мерекелік бағдарлама ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайтуға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Іс-шара аясында ұлттық ойындар кеңінен насихатталып, аудан тұрғындары мен этнос жастары белсенді түрде қатысқан сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Асық ату», «Ләңгі тебу», «Бес асық» ойындары өткізіліп, қатысушылар өздерінің ептілігі мен шеберліктерін көрсетті. Бұл ойындар тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты ұлттық мұраға баулып, ата-баба дәстүрлерін жаңғыртуға үлкен мүмкіндік берді. Жарыс барысында қатысушылар арасында достық қарым-қатынас орнап, бірлік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісі байқалды.

Аталмыш шараға «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының мамандары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке және №2 ЖББМ директоры Сержан Шокаманов қатысты.

Сонымен қатар, этнос жастары арасында асфальтке сурет салу байқауы ұйымдастырылып, ерекше қызығушылық тудырды. Байқауға қатысқан жастар «Бірлік», «Достық», «Бейбітшілік» тақырыптарын шығармашылық тұрғыда бейнелеп, өз ойлары мен көзқарастарын көркем түрде жеткізді. Түрлі-түсті бояулар арқылы салынған суреттер көпшіліктің көңілінен шығып, мерекелік атмосфераны одан әрі айшықтай түсті. Бұл байқау жастардың шығармашылық әлеуетін ашып қана қоймай, олардың қоғамдық келісім мен татулыққа деген құрметін арттыруға ықпал етті.

Іс-шара барысында қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, түрлі этнос өкілдері арасында өзара сыйластық пен түсіністік нығая түсті. Мерекелік шараға жиналған көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен қатысып, бірлік пен татулықтың маңыздылығын тағы бір мәрте сезінді.

Шара соңында белсенділік танытқан қатысушылар алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталып, мереке әсерлі қорытындыланды. Мұндай іс-шаралар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге және еліміздегі ұлтаралық келісімді одан әрі нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз.