Вице-министр мегаполистің  іт-орталығында болды                                                                

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш вице-министрі Мәлік Олжабеков Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында мегаполистің ІТ-орталығында болып, «Digital Road» IT қауымдастығының және басқа бірқатар жобаның жұмысына куә болды. Вице-министрді ІТ-орталықта қалалық цифрландыру басқармасының бөлім басшысы Мақсат Туғанбаев қарсы алып, таныстырды.

Вице-министр алдымен I-Shymkent орталығына бас сұқты. Бұл порталда көптеген қызмет цифрландырылып, бүгінгі таңда цифрлы қауіпсіздік бойынша тестілеу сынағының соңғы сатысы жүруде. Қазіргі таңда 8 қызмет цифрлы форматта ұсынылады. Оның ішінде үйге интернет жеткізу, коммуналды қызметтер бар.

ІТ-орталықта, сонымен қатар, Sifro академиясы да жұмыс істеуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл хабта білім беру, бағдарлама мен қосымша құрастыру және дизайн секілді үш бағыт жүзеге асырылуда.

– Шымкентте жұмыс сапарым барысында бұған дейін тұрғындармен жүздестім. Азаматтарды мазалайтын негізгі мәселенің бірі интернет сапасы болып отыр. Ол тек Оңтүстік өңірінде емес, Қазақстан бойынша кездесіп отыр. Осы шағымдар бойынша мобильді байланыс операторларына миллиондаған айыппұл да салынуда. Олардың айтуынша, әсіресе, пандемия кезінен бері онлайн тұтыну көлемі күрт артып, базалық станцияларға түсетін жүктеме көбейген. Бұл мәселенің бір шешімі ретінде мобильді байланыстың 5G стандартына өтуді қарастырып жатырмыз, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш вице-министрі Мәлік Олжабеков.

Вице-министр, бұған қоса, IT-орталықтағы Tolem, жолаушылар көлігі мен көшелерді жарықтандырудың диспетчерлік орталықтарының, 109 iKomek қызметінің жұмысымен танысты.

«Шымкент келбеті»