Газ баллон жарылып, 4 адам қайтыс болды

Бүгін Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде төтенше жағдай орын алды. Рүстембеков көшесі №29 жеке тұрғын үйде түскі 13.30 шамасында 27 литрлік газ баллоны жарылып, 144 ш.м. жер өртке оранған деп хабарлайды Қызылорда облысының әкімдігі баспасөз орталығы.

Оқиға орнында 5 адам болып, соның төртеу қайтыс болды. Оқиға орнына 3 өрт сөндіру автокөлігі барды. Құрамында 14 қызметкер бар. Газ баллонының жарылуынан тұрғын үйдің бір қабырғасы құлап, толығымен жанып жатқаны, сонымен қатар 4 адамның денесі үйінділер астында қалып қойғаны анықталды. Тағы бір азаматша оқиға салдарынан бас миының жабық жарақатымен аудандық ауруханаға түскендігі анықталды. Үйдің құлаған құрылымдарын талдау жұмыстары аяқталды, өрт болған жерге тексеру жүргізілуде. Оқиғаның себебі анықталуда, өрт сынақ зертханасы жұмыс жасауда, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев.