Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы — берекелі бірлік

Сәуір айының 26-27 күндері Елордамыз — Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының жұмысына Түркістан облысынан барған делегаттардың бірі ретінде қатысқаныма қуаныштымын.

Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің бас қосқан бұл маңызды жиыннан алған жағымды әсерім мол. Өйткені пленарлық отырыстарда және сессия барысында сөз сөйлеген басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің Қазақстан жайлы жүректерінен шыққан жылылығы шынайы алғыс сөздерін естігенде халқым үшін, қазағым үшін ерекше қуанышта болдым, кеудемді мақтаныш сезімі баурады.

Жиында қазақ жерін мекендеген халықтың ауызбіршілігін, ынтымағы мен татулығын сақтау мен одан әрі нығайту бағытында айтылған көптеген пікірлердің арасында қазақ тілінің маңыздылығы мен оның қолдану өрісін кеңінен дамыту жайында өте жақсы ойлар мен ұсыныстар айтылды. Соның ішінен шешен мәдени орталығының өкілі айтқан : «…Қазақ тілінің абыройы мен мәртебесін көтеру үшін мектеп бітіретін жастардың аттестаттарына қазақ тілі пәнін оқып,тілді меңгергендігі бойынша қойылатын бағаны шын мәнінде қазақ тілін меңгерген деңгейіне қарап қою керек,мектеп бітірерде мемлекеттік тілді білмейтінге өтірік баға беруді тоқтату керек,міне сонда ғана әрбір оқушы қазақ тілін үйреніп-оқитын болады»- деген сөздері тыңдаушылардың қызу қолдауына ие болды.

Сессияда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өткізіліп жатқан реформалар мен олардың нәтижелері, Қазақстанның жетістіктері мен оның әлем елдері арасындағы мәртебесі және елдігіміздің тірегі — бірлік пен ынтымақты нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған маңызды рөліне жоғары баға берді. Отанымызды мекендеуші барлық ұлттар мен ұлыстарды мемлекетімізді құрушы және оған атын берген ұлт — Қазақтың айналасына жиналып, бірлік пен ынтымақта,татулық пен достықта,жасампаздық пен келісім аясында Қазақтың дархан кең даласында бір отбасының балаларындай тату-тәтті өмір сүруге,сөйтіп жаңа Қазақстанның жаңа биіктерге жете беруіне өздерінің сүбелі үлестерін қосып отыруға шақырды.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ, «Бітімгер» медиторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан облыстық ҚХА медиация кеңесінің төрағасы